Атырау, 27 қараша 19:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Атырау мектептерінде қалай тамақтандырады?

5 532 просмотра

Өткен жылы жергілікті билік 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап аз қамтылған отбасының ғана емес, ата-анасының әл-ауқатына қарамастан барлық бастауыш сынып оқушыларын ыстық тағаммен тегін қамту шешімін қабылдаған еді. Күзде Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылына барған сапарында ауыл әкімшілігінің бюджетке тек аз қамтылған төменгі сынып оқушыларын ғана ыстық тағаммен қамтуды енгізгенін білген кезде қатты ашуланғаны (шамасы, екпінмен шығар) есімізде. Осыдан кейін барлығы бәрін түсініп, әкімнің тілегі жаппай орындалуда. Ал бұл іс жүзінде қалай атқарылуда?

ОРЫНДАЛАТЫН МИССИЯ

Осы сұрақты қоя отырып, ең алдымен облыстық білім беру басқармасына редакция сауалын жолдадым. Келген жауаптан 2016-2017 оқу жылында облыстағы 180 мектепте ыстық тағам  ұйымдастыруға 3 млрд теңгеден астам (2016 жылы 1 млрд 195 млн, 2017 жылы 2 млрд 135 млн) бөлінгенін білдім. Тегін ыстық тағаммен аз қамтылғандар санатындағы бүкіл 1-4 сыныптардың 51 143 оқушысы мен 5-11 сыныптардың 5 759 оқушысы қамтылған. Ал редакцияға оқушылардың ата-аналарынан осы түскі астың сапасының нашарлығына қатысты шағымдар түсуде. Мұны өз көзіммен көруді ұйғардым. Алайда, мектептерге жасырын кіру және тамақ үлестіру кезінде асханада болу қиын шаруа. Бөгде адамдарды ол жерге кіргізбейді. Біз тағамдарды көргіміз келеді деп әкімшілікке ескертсек пе екен? Эксперименттің тазалығын жоғалту қаупі зор...

Алайда, амалсыз жағдай деген болмайды. Қаладағы мектептердің бірінде оқитын үшінші сыныптың батыл оқушысы біздің өтінішімізді ыждағаттылықпен орындады. Екі апта бойына ұялы телефонға өздеріне беретін тамақтардың суретін түсірді. Күн сайын кішкентай тыңшының суреттерін алған кезде аһілеп-үһілеумен болдым. Өйткені бұл тағамға бей-жай көз тастай алмайсың. Күніне бірнеше түйір картоп пен кішкентай екі кесек ет ас мәзірінде картоп қосылған қуырдақ деп белгіленеді. Терең тәрелкенің түбіндегі ақ сұйықтық күріш ботқаға ұқсайды. Жабысқан күріш, бірер сәбіз жолағы мен титтей ғана ет түйірі – палау. Орамжапырақ пен картоптан жасалған сарғыш сұйықтық - борщ. Сәбіздің бір-екі түйірі мен тағы бір түсініксіз нәрсе қосылған макарон – флотша макарон. Салаттан – орамжапырақ, алма қосылған сәбіз, ірімшік қосылған сәбіз, оқта-текте винегрет салаты. Салат порциясы (кәдімгі терең екі тәрелке) – 12 адамға. Үшінші тағамға кисель, компот, сүтті шай, айран болады. Тағамның теңгерімділігі туралы да айту қиын. Күріш ботқа, орамжапырақ салаты мен айраннан тұратын балалардың түскі асын қалай түсіндіруге болады?

ҚАНША БАЛА БОЛСА, СОНША ПІКІР БАР

Бірақ, бұл бір мектеп. Жағдайды айқындау үшін Facebook-те ата-аналардың арасында сауал жүргіздім. 70-тен аса қала тұрғыны пікірлерін білдірді. Олардың көпшілігі, өкінішке орай, теріс пікір айтты.

Міне, түрлі қала мектептеріне қатысты жауаптардың кейбірі:

* * * * *

Түскі ас дәмді бола бермейді, кейде жеуге келмейді. Қырсықтанғаннан емес, егер дәмді болмаса, жемейді. Ал алмаларды мүлдем жеуге келмейді, өйткені олар шірік. Үнемі осындай алмалар береді. Көбінесе пакеттелген шырын береді. Кептірілген жемістерден компот қайнату сондай қиын болғаны ма?

* * * * *

(Сол мектеп туралы) Бергенін жеу мүмкін емес. Ұлдарым асханаға бармайды, ол жерден жаман иіс шығады және қоймалжыңды жеу жағымсыз дейді. Алайда, мұғалімдер басқаша айтады!

* * * * *

Ұлым қала маңындағы мектепте оқиды. Ол тағамға кірпияз емес, бірақ көбіне мектептен дәмсіз деп тамақ ішпейді..

* * * * *

Ұлым айран өте қышқыл, ал еттің орнына екі кесек май береді дейді.

* * * * *

Балам етті картоп, пюре мен коржик, кейде күріш дәмді болады дейді. Басқалары дәмсіз. Көбінесе ащы, сүт пен айранға, шырынға су көп қосылады және жарты стаканнан аз береді дейді.

* * * * *

Ұлым 2-сыныпта оқиды. Мектептен мүлдем тамақтанбайды, бәрі суық, дәмсіз дейді.

* * * * *

Қызым компот немесе кисель ішу үшін мектеп асханасына барады, ал тамақ дәмсіз дейді. Алмалар шірік емес, бірақ соңғы күндері бермеген сияқты.

* * * * *

Жыл сайын асханадан тамақтандырудан бас тартамын.

* * * * *

Ұлым бұл «сұйықтықты» ішу мүмкін еместігін айтады, тіпті, дәмін айтпағанда, түрі де тартымсыз көрінеді.

* * * * *

Түрлі мектептерде екі жиенім оқиды. Екеуі де мектептен түскі ас ішпейді. Тамақ күйсіз, жеуге келмейді дейді.

* * * * *

Шынын айтсам, аспаздарды түсінбеймін. Біздің балаларымызды осылай тамақтандыратындай олардың өз балалары жоқ па?

* * * * *

Қала маңында тұрамыз, сол жерде оқимыз. Қызым кей кезде болмаса, тамақ ішпейді деуге болады. Түстен кейін оқиды, ыстық тағамды мұздай қылып береді. Таңнан әзірлейтіні түсінікті. Алманы кей кездері береді, шірік емес, бірақ өте ұсақ. Сондай алмаларды қайдан тауып алады екен? Қызым бір жастағы інісіне қолына ұстауға ыңғайлы деп үйге алып келеді.

Бұл тек азғана бөлігі ғана. Бірақ әділдік үшін айту керек, жақсы пікірлер де бар.

* * * * *

Ұлым тамақтың бәрін жейді. Мектеп асханасында палау, етті қарақұмық, балық котлеттері, борщ беріледі. Жақында, тіпті, оларға бөдене жұмыртқасын бере бастады.

* * * * *

Қызым шағым айтпайды, дәмді тамақтандырады дейді. Оған борщ, пюре мен котлеттер ұнайды. Сондай-ақ, сорпа, қарақұмық, компот, кисель, алма шырынын, айран, ешкі мен сиыр сүтін береді. Алманы күн сайын бермейді. Пісірмені сирек болса да дайындайды. Рас, порциялары кішкентай. Бірақ біз асханадан самса, пирожки, гамбургерлер сатып аламыз. Жалпы, аспаздар жақсы дайындайды.

* * * * *

Екі жиенім бір мектепте оқиды. Тамақтары дұрыс дейді. Алмаларын күн сайын үйге алып келеді, шірік болған емес. Мен бірде оларды өзім алдым. Асханаға кірдік, үстел үстіне қарақұмық салынған тәрелкелер қойылған. Порциясы өте кішкентай көрінді. Бәлкім, асханадағылар бірінші сынып оқушылары кішкентай болғандықтан аз жейді деп ойлайтын шығар. Алайда, мектеп қызметкерлерін де түсінуге болады, шамасы, ақшаны аз бөлгендіктен аз беретін болар.

* * * * *

Ұлым асхананы мақтайды, тамағы әртүрлі, жылы күйде береді дейді. Кейде, тіпті, ыстық күйде беріледі екен. Алмаларын үйге алып келеді, ешқандай шірігі жоқ, тек ұсақ.

…Әрине, талғамға талас жоқ. Алайда, түрлі адамдардың белгілі бір мектептер туралы бірдей пікірлеріне қарағанда, біреулерін шынымен де жақсы тамақтандырса, екіншілеріне аса көңіл бөле қоймайды. Ал оқу орындарының барлығы оқушылардың санына пропорционал бірдей сома алады. Жергілікті бюджеттен төленген күн сайынғы түскі астың құны орташа алғанда бір сәбиге 225 теңгеден келеді. Сома күлкілі болғанымен, түрлі етіп жасауға болады екен.

БӘРІ ЖАЗЫЛҒАН

Бүкіл процесс ҚР Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №717 бұйрығымен бекітілген «Оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларында» айқын көрсетілген.

Ыстық тамақты ұйымдастыру бойынша мемлекеттік сатып алулар конкурсымен мектеп әкімшілігі айналысады. Білім беру органы маусымдықты, білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, бірыңғай перспективалы мәзір әзірлейді және оны санитариялық-эпидемиологиялық аумақтық бөлімшелермен келіседі. Күн сайынғы мәзірді қызмет жеткізуші уақытын, тамақ тізімін және аспаздық өнімдерді, жас ерекшелігі мен тамақтардың құнарлылығына қарай дайын тамақтар порциясының көлемі туралы мәліметтерді көрсетіп әзірлейді. Бұл мәзірді мектеп директоры бекітеді және оқушылар мен олардың ата-аналары үшін қолжетімді жерге орналастырылады.

Балалар рационына қойылатын талаптар ҚР Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы №179 бұйрығымен бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарда» толық баяндалған.

Мәселен, «күн сайын тамақтану рационына ет, сүт, сары май және өсімдік майы, қара бидай және (немесе) бидай наны, көкөністер және қант қосылады. Балық, жұмыртқа, ірімшік, сүзбе, тауық еті 2–7 күнде 1 рет қосылады. Мәзірде бірдей тағамдарды немесе аспаздық өнімдерді бір күнде немесе келесі 2–3 күнде қайталауға жол берілмейді».

Порция стандарттары аталмыш талаптардың 6-қосымшасында көрсетілген (кесте)

Тамақ ішу, тамақ (граммен)

Жасы

3–7 жас

7 жастан бастап 11 жасқа дейін

11-18 жас

Бірінші тағам

200

200 – 250

250–300

Екінші тағам:

 

 

 

Гарнир

130

150-200

180-230

Ет, котлета,балық, құс

80

80-120

100-120

Көкөніс, жұмыртқа, сүзбе, ет тағамдары және ботқа

200

150-200

200-250

Салат

60

60-100

100-150

Үшінші тағам

180

200

200

Мектептердегі тағам сапасына кім бақылау жасайды? Ең алдымен жауапкершілік дирекция мен медицина қызметкеріне жүктеледі. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдары әлсін-әлі оларға тексеру жүргізіп тұруы тиіс.

Сондықтан дәмсіз әрі кішкентай мөлшердегі тағамға қатысты ата-аналардың шағымдары не болмақ? Ресми құжаттарда мектептерде тағамның сапасына мониторинг жасауды қарастыратын ата-аналар комитетінен, әкімшіліктен, медицина қызметкерінен құралған комиссия құру қарастырылады. Комиссия түскен азық-түліктердің сапасына, тағамның дайындалу технологиясына, тоңазытқыш жабдықтарының дұрыстығына, азық-түліктер мен дайын тағамдардың сақталу мерзімі мен шарттарының сақталуына бақылау жасауы тиіс. Сіздің мектебіңізде мұндай комиссия жоқ па? Ендеше оны құрып, оның жұмысына белсенді қатысатын кез келді.

Тамара СУХОМЛИНОВА

19 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.