Өткен жылы Еуропа Одағы (ЕО) елдерінде бірінші рет пана сұраған 1,2 миллионнан астам адам тіркелді. Eurostat статистика агенттігінің мәліметтерінше, олардың көпшілігі - Сирия, Ауғанстан және Ирак азаматтары. Босқындар саны 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 50 мыңға азайған, бірақ 2014 жылы тіркелген 563 мыңға жуық адамнан әлдеқайда көп.
Былтыр Еуропа елдерінен пана сұрағандардың 334 мың 800-і - сириялықтар, 183 мыңы - ауғандықтар, 127 мыңы - Ирактан шыққандар. 722 мыңнан астам адам, немесе пана сұрағандардың 60 пайызға жуығы Германияда тіркелген.
Сирияда соғыс басталған соң ЕО-дағы босқындар саны күрт артқан. 2011 жылы наурызда басталған бұл соғыста 300 мыңға тарта адам құрбан болып, миллиондаған адам үй-жайын тастап кетті.
Сириядағы соғыс Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ірі миграциялық дағдарыстың тууына себеп болды. ЕО Түркиямен босқындар мен мигранттар ағынын тежеу үшін бірқатар келісімдер жасасқан. Таяуда Анкара ЕО елдерінің бірқатарымен дипломатиялық кикілжіңге келіп қалған соң ол келісімдердің күшін тоқтататынын мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық