ҚР делегациясы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) 2017 жылғы 6 наурызда төрт баллистикалық зымыран ұшыруына байланысты өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше отырысына қатысты, деп хабарлайды Baq.kz.
Кеңессөзге қатысушылар КХДР билігінің Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларын кезекті түрде бұзу әрекеттерін бірауыздан қатаң сынға алды.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілі Қайрат Омаров өз сөзінде Солтүстік Кореяның зымыран ұшыру және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларын қайтадан өрескел түрде бұзу әрекеттеріне зор алаңдаушылығын білдіріп, олардың аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ортақ халықаралық күш-жігерлерді жоққа шығарып отырғанын ескертіп өтті.
Корей түбегін ядролық қарудан азат ету қажеттігіне қағидатты түрде қолдау танытыла отырып, Қазақстанның Солтүстік Корея мәселесінің шешімін тек бейбіт саяси-дипломатиялық келіссөздерден көретіні және олардың сенім шараларын қалыптастыру мен нығайту, алдын ала шарттарсыз ашық түрдегі диалог құру арқылы қол жеткізілу тиістігі атап өтілді. Осы орайда Қ. Омаров бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қарарларының ең маңызды түйіні екендігін және оның қолданыстағы күш-жерлердің бірінші кезектегі мақсаты ретінде қарастырылуы қажеттігін қатысушылардың есіне салды. Қазақстандық өкіл аймақтағы шиеленісті бәсеңдетуге және қалыптасқан қауырт ахуалды шешуде ілгерілістерге жетелейтін нақты шаралар ойластыруға шақырды.
Отырыс соңында Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері КХДР-ға қатысты санкцияларды орындауда күш-жігерлерін еселей түсуге келісіп, сонымен қатар Корей түбегіндегі және тұтастай Солтүстік-Шығыс Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау маңыздылғын құптады.
Күні бұрын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі осы жөнінде арнайы мәлімдеме қабылдап, онда баллистикалық зымыран ұшыруды қатаң сынға алып, барлық мемлекеттерді КХДР-ға қатысты санкцияларды орындау бойынша практикалық шараларды қабылдауға шақырған болатын.
Дереккөз: Baq.kz