Атырау, 27 қараша 20:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Әкімдік жерді қайтарып алмақ

3 164 просмотра

Индербор кентінде гипсокартон зауытын салу үшін «ИСИ ГипсИндер» ЖШС сатып алған 21,6 гектар жер телімі 12 жылға жуық уақыттан бері игерілмей әлі күнге дейін бос жатыр. Осыған байланысты, жергілікті әкімдік жерді мемлекет меншігіне қайтарып алуға жұмыстануда. 

ЖШС-ге тиесілі жер Атырау-Индер тас жолының бойында, әрі кент іргесінде орналасқан, айналасы қоршалып тұр. Ал бұл маңайдағы «Көктем» ықшамауданының тұрғындары үшін қолайсыздық туғызуда. 

- Біздің ықшамаудан қоршаудың ішінде қалған десе де болады. Бір жағымыз тоғай, жоғарыда газ айдау стансасы бар. Сосын жанымызда трасса жатыр. Малымызды жаю үшін сол трассаны кесіп өтіп, қоршалған жерді айналып өтуге мәжбүрміз, - дейді жергілікті тұрғындар. 

2005 жылы 11 мамырда Индербор поселкелік округі әкімінің міндетін атқарушы Серікқали ЖҰҚИЕВ поселке жерінен «ИСИ ГипсИндер» ЖШС-іне жер бөлу туралы шешім шығарған. Шешімде ҚР 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 43, 44-баптары негізге алынып, ЖШС-ге гипсокартон құрылысын жүргізу үшін 11 гектар жерді жеке меншікке беру бекітілген. Жер телімі 2 млн 435 мың 400 теңгеге сатып алынған. 

Кейін ЖШС әкімдіктен тағы бір жер телімін сұрайды. Сол кездегі аудан әкімі Нұрлан МҰҚАНБЕТАЛИЕВ 2007 жылдың 29 қаңтарында ҚР Жер кодексінің 43-бабын басшылыққа ала отырып, 10,6 гектар жерді зауыт салу бағытында жеке меншікке беру жөнінде шешім шығарады. Жер 14 млн 138 мың 280 теңгеге сатып алынған. 

Бірақ, жалпы көлемі 21,6 гектар жерге ЖШС ақыры зауыт салмады. 

Индер ауданының әкімі Серік АРЫСТАН диктофонға ашық комментарий беруден бас тартты. Оны аудандық жер бөлімінен сұрауға болатынын айтты. 

Ал бұдан бұрын әкім С. Арыстан есеп беру жиынында былай деген болатын:

- Бұған байланысты бөлім тиісті орындарға хаттарын жіберді және газет арқылы ол жерді басқа адамға сатпауға тапсырма берілді. Енді биылғы жылы 21 шілдеден кейін ол егер жұмыс жасамайтын болса, біз оны тиісті деңгейде органдарға беру арқылы мемлекетке қайтаратын боламыз. Бірақ, мұны кезінде өндірістік мақсатта 16 млн-нан астам теңгеге сатып алған, сондықтан біз сату арқылы мекеменің ақшасын қайтаруға жұмыстанамыз.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қахарман БАҒЫНОВ Атырау облысы бойынша жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы тарапынан өткен жылдың шілдесінде жер телімін бір жыл мерзім ішінде игеру қажеттігі туралы ЖШС-ге ескерту беріліп, аудандық әділет басқармасына аталған жермен мәмілелер жасақтауға (сатуға) шектеу қойылғанын, егер игермесе сот тәртібімен мемлекет меншігіне қайтарылатынын қосымша мәлімдеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


9 наурыз 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.