Кеше өзенде ғажайыптың күшімен ажалдан екі адам аман қалған болатын: ерлі-зайыпты екі адам мұздың астына түсіп кеткен.
Алайда егде тартқан жаста оларға атақ қажет емес, оның үстіне, балалары білсе, ренжиді. Сондықтан шын аты-жөндерін көрсетпеуімізді өтінді. Дегенмен, бұл қызық жағдай болды: атай мен әжей осы жасқа келсе де, мұз астынан балық аулаудың кәнігі әуесқойлары екен...
– Біздің жасымызда, әрине, ауырлау. Бірақ диванда жатқаннан қозғалып жүрген жақсы. Таза ауа, қозғалыс, табиғат... Көңіліміздің хошы үшін шығамыз, бірақ балық жегенді де ұнатамыз: пайдалы, экологиялық таза тағам ғой.
Олар үш сағат бойы қармақ салып, екеуі екі келі балық аулаған соң, үйлеріне кетіп бара жатқанда аяқ астындағы ылғал мұз сытыр ете түскен. Бірінші болып жол бастап бара жатқан атай мұз астына түсіп кетті, оның артынан әжей де кеткен. Мақталы күртелері мен байпақтары бірден су болды, ал әрқайсысының арқасында арқақап, қармақ, ауыр бұрғы да бар еді... Айтпақшы, бейнежазбада құтқарушылардың бұрғыны таста деген айқайына қарамастан әжейдің өз құралынан мықтап айырылмай, ақыры мұз бетіне оны ала шыққаны естіледі. Қайсар мінезді деп осыны айт.
– Суда қанша секунд болдыңыздар?
– Секунд емес, бес минут, аз емес, меніңше бәлкім, он минуттай тырбанған болармыз. Малтып жүрдік деуге болады, - дейді жұбайы. – Шынымды айтсам, аман қалатынымызға сенбедім. Бізге балықшылардың жүгіре көмекке жеткені жақсы болды. Оларға бізден алғыс айтыңызшы. Аты-жөндерін, кімді іздейтінімізді білмейміз. Бірақ үлкен алғысымызды айтқымыз келеді. Кемпірімді жағаға қарай, мені ортасына қарай тартып шығарды. Мен еңбектеп шығып, мақталы күртемді шешіп, лақтырдым. Құлақшыным суға кетті. Свитермен, шалбармен көпір арқылы үйіме кеттім. Жақын жерде тұрамыз. Вераны үйге құтқарушылар жеткізді.
– Көпшілігі балықшыларды кінәлайды. Мұз әлсіз, түсіп кететіні көрініп тұр. Қатерге бас тігудің қажеті қанша?
– Білесіз бе, ол жерде бес сантиметр емес, қалыңдығы 10-15 сантиметрдей болады. Бұрғымен бұрғыладым ғой. Бәрі тегіс емес, әрине, бір жерлері жұқалау шығар. Бірақ қыс жақсы болды, алдыңғы жылы, мәселен, балық аулауға шықпадық – мұз жұқа болды.
Күйзеліс пен мұзды «монша», өкінішке орай, қарияларға әсерін тигізіпті: екеуі де тұмауратып, үйлерінде қызулап жатыр. Бұл жерлестеріме тезірек сауығып, келесі маусымда қармақ қабу жақсы болсын деп тілейміз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА