Естеріңізге салсақ, фармацевтикалық зауыт құрылысының басталғаны туралы ресми тұсаукесер 2014 жылдың 29 тамызында Атырау – Орал трассасының бесінші шақырымында өткен еді. Оған сол кездегі облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ пен құрылысшылардың өздері қатысты. Жобаға қатысушылар ретінде басқалармен қатар «Медицина» АҚ, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ ҰК, «САВА ХЕЛСКЕЙР» компаниясы, «Лайфлайн Фзе» компаниясы және «ALIMCOM» ЖШС аталды. Сол кезде «жасыл» құрылыс нормалары бойынша, яғни, экожүйеге аз әсермен салынатын зауыттың бас жобалаушысы - «АтырауСтройПроект» ЖШС, қосалқы мердігері – үндінің «Knexir consultants private Limited компаниясы» деп айтылды. Жоба бастамашысы - «Lumpan Caspian Pharmaceutical LLP» ЖШС (Үндістан). Болашақ зауыттың жылдық жоба қуаттылығы - 800 млн таблетка, 300 млн капсула, 78 млн ампула, 3 млн қаптама жақпамай, тамыр ішіне құюға арналған пластик ыдыстағы 12 млн құты ерітінді мен 24 млн құты антибиотиктер. Жоба құны 3,7 млрд теңге.
Өндірістің бірінші кезегін пайдалануға беру 2015 жылдың 3-ші тоқсанына жоспарланды. Алайда, 2015 жылы да, 2016 жылы да бұл орындалмады. Аталмыш брифингте Ғ.Дүйсембаев жаңа мерзімдерді атап (2017 жылдың аяғына дейін), қазіргі уақытта құрылыспен чехтың «Флавия» компаниясы айналысып жатқанын хабарлады.
28 ақпандағы облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасынның брифингінде мен Дияс Жәнібековтен үнді компаниясында қандай қиындықтардың туындағанын және чех фирмасымен ынтымақтастықтың артықшылықтары қандай екенін нақтылауды ұйғардым. Жауап ретінде ол әкім орынбасарының сөзіне қарама-қайшы келетін ақпаратты айтты:
- Бастапқыда жобалаумен чех компаниясы айналысты. Бірнеше кезеңдегі келіссөздерден кейін бұл жобалау компаниясының қойылған міндеттерді орындай алмайтындығы түсінікті болды. Сөйтіп, басқа жобалаушы табылды. Бұл әлемде осындай зауыттар салуда тәжірибесі бар Үндістан компаниясы. Қазіргі кезде бұл жобаны жүзеге асыруда проблема жоқ. Құрылыс жүргізілуде. Жыл аяғына дейін өндірістік ғимараттың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Кеңсе орынжайлары әзір.
Нақтылаушы сұрақтарға басқарма басшысы чехиялық «Флавия» компаниясының енді құрылыс жұмыстарымен айналыспайтынын, онымен үнді компаниясының айналысып жатқанын тағы да растады. Оның айтуынша, келер жылдан бастап өндіруді, зертханалық сынақтар мен дәрі-дәрмектердің сапасын анықтау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қазақстанда мемлекеттік тізілім аясында дәрі-дәрмекті орталықтандырылған сатып алу «Самұрық-Қазына Фармация» ЖШС арқылы жүргізіледі. Сондықтан қазір денсаулық сақтау министрлігімен және «СҚФ» компаниясымен жұмыстар жүргізіліп жатыр, дәрі-дәрмек препараттарын кепілдікпен сатып алу туралы келіссөздер жүргізілуде.
Кездесу аяқталғаннан кейін мен Д.Жәнібековтен зауыт құрылысының кешеуілдеуі немен байланысты екенін білдім.
- Бұған бірнеше себеп бар. Бірінші және негізгі себебі – жобалауға қатысты бастапқы проблемалар. Осының салдарынан жабдықтарға тапсырыс орналастыру да кешеуілдеді, - деді ол. – Сол кезде ұлттық валютаның бағамы қатты өзгерді. Әлі тапсырыс берілмеген жабдықтың бір бөлігінің құны теңгеге айналдырғанда өсіп кетті. Осы мәселелердің барлығын шешу үшін уақыт қажет болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор