Австрия сыртқы істер министрі Себастьян Курц Венаның мұндай кампания аясында іс-шара өткізгенін "құптамайтынын", іс-шаралар Австрияда "қайшылықты ұлғайтып", елдегі 360 мыңды құрайтын түрік диаспорасының интеграциясына кедергі келтіретінін мәлімдеді.
"Біз шектен шығатын бұл жауапсыз комментарийді қабылдамаймыз" деді Түркия сыртқы істер министрлігінің өкілі Хусейн Мюфтюоглу. Ол Курцтің комментариін "шынайы емес қарым-қатынас пен қос стандарттың жаңа үлгісі" деп атады.
Түркияда 16 сәуірде конституцияға елді парламенттік басқару жүйесінен президенттік басқару жүйесіне ауыстыру туралы өзгертістер бойынша референдум өтеді. Түркия билігі өзгерістер елде тұрақтылық орнатады деп санаса, оған қарсылар конституцияға түзету енгізу Ердоғанның билігін күшейтеді деп қауіптенеді.
Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым 18 ақпанда түріктер көп тұратын Германияда үгіт-насихат кампаниясы аясында акция өткізген.
Австрия Анкарамен Түркияның ЕО-ға кіруі жөніндегі келіссөзді тоқтатқысы келеді. Австрия өзге бірнеше елмен бірге Түркияда өткен жылы шілдеде іске аспай қалған мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінен соң оған күдікті делінгендердің жаппай қамалуына байланысты алаңдаушылық білдірген.
Дереккөз: Азаттық