22.02.2017 жылғы Атырау облысы әкімінің есеп беру жиналысында А.Ибраимованың жасаған өтінішіне орай:
Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау селосының тұрғыны Айпара Ибраимованың өтінішіне орай, «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі Компания) хабарлайды:
А.Ибраимова «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында (Компанияның өндірістік құрылымдық бөлімшесі) ешқашан жұмыс жасаған емес.
01.02.2016 ж. А.Ибраимова «Казстройсервис» ЖШС-не, ал, 2016 жылдың сәуір айынан бастап «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына шарт негізінде сервистің қызмет көрсетуші мердігер мекеме «Клининг-Регион» ЖШС-не жұмысқа қабылданған.
2016 жылдың маусым айында А.Ибраимова және «Клининг-Регион» ЖШС-нің бірнеше қызметкерлері Исатай аудандық прокуратурасына және Компания басшылығына ұжымдық арыз жолдайды. Онда «Клининг-Регион» ЖШС-мен азаматтық-құқықтық шартының орнына еңбек шартын жасауды талап ететіндіктері айтылған.
Компанияның мердігер мекемеге жолдаған хатынан соң, «Клининг-Регион» ЖШС барлық қызметкерлерімен еңбек шартын жасасты. Компания әйел қызметкерлердің өтінішіне атүсті қарамай, мердігер мекемеден барлық қызметкерлермен еңбек шартын жасауды талап етті.
31.12.2016 жылы еңбек шартының мерзімі аяқталған соң, «Клининг-Регион» ЖШС А.Ибраимовамен 2017 жылға келісім шартты созбаған. 2016 жылдың желтоқсан айында А.Ибраимова Компания басшылығына «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына «жұмысқа қайта алу» жөніндегі өтінішін жолдайды. Осы мәтіндегі арызын Атырау облысының прокуратурасына да жолдаған.
Компания облыстық прокуратураға жауап ретінде А.Ибраимова «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қызметкері болып есептелмейтінін, «жұмысқа орналастыру» жөніндегі талабының негізсіз екенін баяндап, хат жолдады. Есеп беру жиналысында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының мамандар бөлімінің басшысына айтылған айыптаулар мәселесі екі тұлғаның арасында сот арқылы шешілетін болады.
Сонымен қатар, Компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығының 2014 жылғы өкімін негізге ала отырып, мұнай бағасының төмендеуіне орай шығындарды азайту мақсатында хабарлайды:
- Жұмысқа қабылдауға, оның ішінде барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелерге жұмысқа алуға да, мораторий жариялаған;
- Компания профильдік емес қызметтерді мердігер мекемелерге тапсыруды жүргізуде. Жарияланған мораторий талаптары бойынша кәсіби емес еңбек түрлерінінің (тазалықшы, еден жуушы, күзетші, вахтер т.б.) бос орындарына жұмысқа алу жүргізілмейді, бұл позициялар біртіндеп аутсорсингке шығарылуда.
«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі