Атырау, 27 қараша 21:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Азат Перуашев: Өзбекстанда үшінші шыны зауыты салынды, бізде біріншісін талан-таражға салды

4 306 просмотра
Фото: kapital.kz

Атышулы «Бішімбевтың ісі» бойынша танымал болған Қызылордадағы шыны зауыты 22 ақпанда өткен парламент мәжілісінің пленарлық отырысында атап өтілді. «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат ПЕРУАШЕВ ҚР премьер-министріне фракцияның атынан жолдаған депутаттық сауалында зауытқа салынған мемлекеттік қаржының тиімділігіне күмән келтірді.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомоствоның холдингтің бұрынғы басшылығы айыпталып отырған осы зауыттан ұрланған миллиардтаған қаржы ұрлығына қатысты тергеу жүргізіп жатқандығы белгілі. Күдіктілердің кінәсіздігінің анық-қанығына жету принципін ұстану керек және тергеу барысына араласпау керек деп есептейміз. Сонымен қатар, отандық өндірушілер зауыттың алдағы тағдыры туралы, сонымен қатар, мемлекеттік сыңайлы сектордағы мемлекеттік қаржылардың пайдаланылу ашықтығы туралы мәселені қоюға құқылы деп топшылаймыз. Өйткені, олар 2014-2015 жылдары аталмыш жобаға қатысты бүкіл инстанцияларға жүгінген болатын. Cоңғы оқиғалар көрсетіп отырғандай, олардың қаупі негізсіз болмай шықты, - деді Перуашев.

Депутат шыны зауыты жобасының нақты құнын айтуды өтінді:

- 2015 жылғы 8 сәуірдегі «Бәйтерек» холдингінің хатына сәйкес, ол 52 млрд теңгеге немесе сол кездегі ресми бағам бойынша 280 млн АҚШ долларына бағаланды. Қазір мемлекеттік органдардың өкілдері баспасөзде 42 млрд теңге туралы айтады. Бұл ағымдық бағам бойынша 130 млн доллар шамасын құрайды. Ал жоба орындаушысы шетелдік компания болып табылады. Жабдықтар да шетелде сатып алынды. Демек, қаржының негізгі бөлігі валютамен төленді. Сондықтан жобаның құны туралы мәліметтер жағдайға айқын баға беру үшін нақтылауды қажет етеді. Бұдан басқа, егер миллион долларды ұрлау туралы деректер расталса, бұл жобаны қосымша қаржыландыру қажеттілігіне әкелмей ме? Егер БАҚ-тарда айтылғандай, қосымша қаржыландыру қажет болмаса, бұл жоба бюджетіне әуел бастан нақты шығындарға сай келмейтін, қымбаттатылған соманың салынғандығын білдірмей ме?

Перуашев тағы да сұрақтар қойды:

- Қаржы салымдары осындай ірі көлемде болса да, бұл жобадан өңір бюджеті үшін салық қайтарымы жылына тек 220 млн теңге мөлшерінде күтілетіні рас па? Яғни, мемлекет бюджетке қаржыны тек 190 жылдан кейін қайтара ма? Салыстыру үшін келтірсек, биылғы жылдың мамырында Өзбекстандағы жұмыс жасап тұрған екі шыны зауытына қосымша Жизақ еркін экономикалық аймағынан жалпы құны 110 млн долларды құрайтын жаңа өндірісті іске қосу жоспарланды. Яғни, бұл тәулігіне 600 тонна қуаттылықтағы Қызылорда жобасынан анағұрлым арзан. Өзіндік құнда осындай айырмашылық болса, қазақстандық зауыттың өнімі бәсекеге қабілетті бола ма?

Естеріңізге салсақ, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық БІШІМБАЕВ Қызылордадағы шыны зауытын салу кезінде 1 миллирад теңгені жымқырды деп күдіктелуде.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА,

«АЖ» меншікті тілшісі, Астана қаласы

23 ақпан 2017, 16:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.