Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВ жұртшылық алдында есеп беру кезінде қала шеңберінде ретро cаябақ, жастардың демалыс бағын және ту тұғыры бар бақтың салынып жатқанын әңгімеледі.
Жастар бағы Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ маңында: құрылыс алаңы - 6,5 га, кафе, автотұрақ, жазғы амфитеатр, аттракциондар, үстел теннисіне арналған алаңдар, спорт алаңдары және басқасы қарастырылған.
Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізілуде, сондықтан нысанның нақты құны мен пайдалануға беру мерзімі әзірге жария етіліп отырған жоқ. ТШО кеңсесінің маңынан салыну жоспарланып отырған баққа қатысты да осындай жағдай. Бұл жағдайда да жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу әлі аяқталған жоқ. Тек учаске алаңының 2, 0411 га, көгалдандыру алаңының 0,912 га екені ғана белгілі. Ортасына биіктігі 91 метр ту тұғыры орнатылмақ. Композиция еліміздің үш символынан тұрады. Ортасында жартылай шеңберде бағаналы композиция, шеттерінде дала ұлдарының нақыл сөздері жазылған төсем орналасады.
Жилгородокта 3,5 га аумақтағы алаңда ретро саябақтың құрылысы 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді. Ол атауына сәйкес, классикалық сарында: амфитеатр, көрме павильоны, жасанды тоған, көмескі жарығы бар музыкалық бұрқақтар болады. Тапсыру мерзімі – 2017 жыл.
Естеріңізге салсақ, қаңтарда облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі Атырауда жалпы алаңы 20 гектар болатын 10 саябақ бар деген ақпарат таратқан болатын. Бұл жаңалық қала тұрғындарының таңданысын тудырды. Журналистер егжей-тегжейін сұрастырғаннан кейін ақпаратты қайта тексеріп, нақтылады: облыс орталығында бүгінде жеті саябақ бар – Жилгородокта екеу, Балықшыда, Алмагүл ықшамауданында, №30 мектеп жанындағы саяжол, Жеңіс бағында және оның маңындағы шағын саябақ.
Зульфия ИСКАЛИЕВА