Атырау, 27 қараша 22:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Орталық қазандыққа қосылады

2 487 просмотра

Дербес қазандықтардың биыл ажыратылатындығы туралы хабарлама алған Құлсары қаласындағы көпқабатты үйлердің тұрғындары біздің редакцияға шағымданды.

- «Газ және газбен жабдықтау» туралы ҚР 2012 жылғы  9 қаңтардағы ҚР Заңына сәйкес, осы жылдың 15-ші сәуірінен бастап тұрғындардың өз бетімен орнатқан жылу қазандықтары «ЖылыойГаз» ЖШС-нің күшімен газ желісінен ажыратылады. Бұл еліміздің өзге өңірлерінде орын алған апатты жағдайларға байланысты болып отыр. Осы жылдың жылу маусымына дейін орталық жылу қазандығына өз күшімізбен, өз қаражатымызбен қосылуымыз керек екен. Әкімдіктегілер бізге мұндай шешімге Қарағанды облысы Шахан кентіндегі жарылыстан кейін барғанын айтып отыр, - дейді Құлсары қаласының тұрғындары.  

2000 жылдардың басында «ЖылыойГаз» ЖШС-нің жылыту қазандығының жұмысында іркілістер жиі орын алатын. Сол кезде көптеген тұрғындар газбен жанатын жылу қазандығын қосып алды. Тіпті кейбірі қолдан жасалған жылу қазандығын пайдаланды. Сол жылдары жергілікті әкімдік пен газшылар бірлесіп, заңсыз орнатылған қазандықтарды алып тастауға тырысқанымен бәрі сәтсіз болды. Себебі, үйлерінде тоңған халық наразылық танытты. 2012 жылы жергілікті әкімдіктің шақыртуымен Ресейден мамандар келіп, тұрғын үйлерге дербес жылу қазандығын орнату үшін қандай талаптарды орындау қажеттігін атап көрсеткен еді. Біріншіден, бес қабатты тұрғын үйлерге мұржа орнату қажет болатын, бұған 2012 жылы 2 млн теңге қажет болды. Екіншіден, автоматты түрде қосып-айыру қызметімен жабдықталған дербес жылу қазандығын орнату керек еді. Бұл талаптарға Түркияның «BAXI» және Ресейдің «Авангард» маркалы дербес жылу қазандықтары ғана сай келетін. Мұның әрқайсысының бағасы 180 000-250 000 теңге шамасында болды. Үшіншіден, дабыл қағатын құрылғы орнатылуы тиіс екендігі айтылды. Тұрғындар жоғарыдағы талаптарды ескеріп, жұмыстарды өз күшімен атқаруы қажет болды. Әр тұрғын өз қалтасынан орта есеппен 300-350 мың теңге шығаруы тиіс еді.  

Өткен жылы орын алған Қарағанды облысы Шахан кентіндегі жарылыс көпшілікті уайымға салып қойғаны бар.   

- Бұған дейін де біз тұрғындарға бірнеше рет ауызша, жазбаша ескертулер беріп келгенбіз. Бірақ, бұған көп адам мән бермей келді, - дейді «Жылыойгаз» ЖШС-нің директоры Жазира ЕРМЕКОВА. Ал Шахандағы қайғылы жағдайдан кейін халық қауіптене бастады. Қолымыздағы деректер бойынша, 1, 2, 3-ші және 5-ші ықшамаудандардағы 1 892 пәтерде және ескі 2-ші ықшамаудандағы жалғыз бес қабатты үйдің 55 пәтерінде дербес жылу қазандығы орнатылған. 2006 жылы жергілікті билік 60 пәтерге дербес қазандықты қосуға техникалық шарт ұсынуға рұқсат беру туралы нұсқама берген. Бірақ, бұл құжаттар қазандық орнатуға рұқсат болып саналмайды.

Осы жылдың қаңтар айынан бастап ауданда көпқатарлы тұрғын үйлердің, әлеуметтік сала нысандарының жылу қазандықтарының қауіпсіздігін тексеру үшін жауапты және уәкілетті орган басшыларының қатысуымен комиссия құрылған болатын.

- Қазіргі таңда комиссия мүшелері 400-ге жуық пәтерді аралап, 100 пәтер иесіне газ қауіпсіздігі жөнінде арнайы хабарлама парақшаларын таратты. Сондай-ақ, 90 пәтердің дербес жылу қазандықтары тексерістен өткізілді. Орталық жылу қазандығы толық қуатында жұмыс жасап тұр. Енді пәтер иелері орталық жылу қазандығына өздері қосылулары тиіс, - дейді Жылыой аудандық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Саян БАСЕЛОВ.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:

Газшылардың ақпараты бойынша, ҚР 3.02-43-2007 «Тұрғын ғимараттар» ҚНжЕ-ге сәйкес, егер орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтамасыз ету мүмкін болмаса, жергілікті атқарушы орган арнайы қаулы шығарады. Содан соң ТЖ департаментінен арнайы техникалық шарттар алынады. Соның негізінде жоба әзірленіп, әрі қарай құрылыс-монтаж жұмыстары жасалады. Бірақ, міндетті түрде тігінен мұржа орналастыруы қажет. Әр пәтерде автоматкасы бар қазандықтар орнатылуы тиіс.   

20 ақпан 2017, 18:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.