Атырау, 27 қараша 22:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мектепке барар ұзақ жол

3 289 просмотра

Құрманғазы ауданы Шортанбай ауылдық округіне қарасты Жасталап ауылының оқушылары төрт жылдан бері он шақырым қашық жерде орналасқан Шортанбай ауылындағы мектепке қатынап оқып жүр. Себебі, Жасталаптағы мектеп ғимараты апатты деп танылған болатын.

Жасталаптағы 100 орындық Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің ғимараты 1958 жылы пайдаланылуға берілген. Содан бері мектепке бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Ескі мектептің іргетасы отырып, сыртқы қаптамалары түсіп, ғимарат тіреулермен ғана тұр. Кейбір сынып бөлмелерінің төбесі ашыла бастаған. 2011 жылы мектеп ғимараты апатты деп танылды. Алайда, соған қарамастан онда екі жыл қатарынан сабақ жүргізілген. Тек 2013 жылдан бастап сол мектептің 54 оқушысы мен 21 қызметкері (директор, мұғалімдер және мектепалды даярлық тобының тәрбиешілері) көршілес Шортанбай ауылындағы мектепке ауыстырылды. 

- Осыған орай, біздің мектепке оқушылар мен мұғалімдерді тасымалдау үшін 25 орындық жайлы бір автобус бөлінді. Бірақ, біз Жасталаптағы мектептің мәселесін шешіп берсе екен дейміз. Себебі, алыс әрі жарамсыз жолдар мектепке жетем дегенше шаршатып тұр, - дейді Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Сирагүл ҚАНАТОВА

- Қатты аязда, боранды күндері балаларымыздың көрші ауылға барып келуі ақиретке айналды, - дейді ата-аналар. - Әсіресе, бастауыш мектепте оқитын балаларымыз үшін оңай болмауда. Обал, дірдектетіп ерте тұрғызамыз. Кейде ауырып та қалады. Сондықтан әкімдікке биыл күн жылынғанша осы мектепте оқи тұрса деп өтініш білдіргенбіз. Бірақ, олар ғимарат құлайын деп тұр деп, бізге рұқсат бермеді. Жаңа мектепті қашан салып береді? 

Құрманғазы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еділ БАЯРОВТЫҢ айтуынша, бүгінде Жасталап ауылынан 80 орындық жаңа мектептің құрылысын салудың жобалық-сметалық құжаты жасақталған. 

- Жуырда аудан әкімінің есеп беруінде бұл мәселе тағы көтерілді. Облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ облыстық мәслихаттың сессиясына ұсыныс ретінде қойылатынын айтты. Оның оң шешілетініне үміттеніп отырмыз. Егер мектеп құрылысына қажетті 433 млн теңге бөлінсе, онда құрылыс биыл басталады, - дейді Е.Баяров.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА


16 ақпан 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.