Атырау, 27 қараша 22:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Судьялар үшін жағымсыз дабыл

3 009 просмотра

Атырауда сот жүйесі қызметкерлерінің облыстық кеңесі өтіп, оған ҚР Жоғарғы сотының мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл ҚЫДЫРБАЕВА қатысты.

- 2016 жылы азаматтық істерде бітістіру рәсімдерін қолдану мөлшері бойынша өңіріміз бірінші орындардың бірін иеленді, - деп хабарлады облыстық соттың төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВ. – Бірақ жалпы айтар болсақ, 2015 жылы әділ сот қызметін атқару сапасының көрсеткіштері бойынша Атырау облысы 7-ші орын алды, ал 2016 жылдың қорытындысы бойынша 10-орынға шықты.

Облыстық соттың судьясы, сот әдебі жөніндегі комиссия төрағасы Раиса АҚҚҰЛОВАНЫҢ сөзінен:

- 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында сот әрекеттеріне қатысты түскен шағымдар бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыстық судья кеңесінде талқылайтын тақырыпқа айналды. Екінші жартыжылдықта мұндай шағымдар болған жоқ. Бүкіл 2016 жыл бойынша судьялардың әрекетіне қатысты 90 шағым түсті – бұл 2015 жылмен салыстырғанда 9 шағымға аз. Атырау қалалық сотының судьясы Отарұлына көп шағым (10 шағым) түсті.

Жалпы шағымдардың көпшілігінде, атап айтқанда, 21 жағдайда шығарылған сот актісіне келіспеушілікке, үш шағым сот отырысы мен іс материалдарының хаттамасымен уақытында таныспауға, біреуі сот актісін уақытында табыс етпеуге, төртеуі судья тарапынан процеске қатысушыларға құрмет көрсетпеуге қатысты сөз қозғалған.

Сот шешімімен келіспеушілікке келер болсақ, шағымданушыларға апелляциялық алқаға жүгіну қажеттігі түсіндірілді. Атырау облысы судьялары тарапынан іс жүргізу заңнамасын бұзу фактілеріне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша заң бұзушылықтар анықталмады.

Жоғарғы сот өкілі судья Отарұлынан орнынан тұруды өтінді.

- Неліктен сізге 10 шағым түсіп отыр?

Судья Аққұлова жалғастырды:

- Отарұлының әрекетіне қатысты түскен бір шағымды біз сот әдебі комиссиясында қарадық. Талап-арыз беруші үш минутқа процестен кешігіп қалған. Сот отырысы залына кіргісі келген, Отарұлы жібермепті. Комиссия осы отырыстың аудио және бейнежазбаларымен танысты. Судья Сот әдебі кодексінің 3-бабын бұзып, талап-арыз берушіге қатысты үш минутқа кешігу себебін анықтамастан әдепсіз қылыққа жол берген. Талап-арыз беруші себебін түсіндіруге тырысқан – ол дәлізде отырыпты және процестің басталып кеткенін білмеген. Әрі қарай судьямен сөзге келіп қалып, судья оны сот залына кіргізбеген.

А.Қыдырбаева Отарұлына қайтадан сұрақ қойды:

- Сізге қатысты 10 шағымның түсуі дабыл белгісі ме?

Жауап орнына тыныштық орнады.

Диалогқа облыстық сот төрағасы араласты:

- Тағы да сұрақтар бар ма? Сот әдебі комиссиясының жұмысын жалғастыру керек. Азаматтардың шағымы бірінші орында тұр, өйткені күн сайынғы жұмысымыз адамдармен, олардың проблемаларымен байланысты. Сондықтан судьяларды тағы да мұқият болуға шақырамын.

Содан соң А.Қыдырбаева сөз алып, одан кейін бірқатар судьяларға ҚР Жоғарғы сотының құрмет грамоталары табыс етілді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

13 ақпан 2017, 12:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.