Көрші орналасқан қалалық және облыстық прокуратура ғимараттарының алдында өзін-өзі өртеген облыс прокурорының бұрынғы көмекшісі Лейла СМАДЬЯРОВАНЫ «Шлюмберже» компаниясының қызметкерлері құтқарған.
Естеріңізге салсам, 31 қаңтар күні сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша айыпталған сотталушы Смадьярова қылмыстық іске қарсы наразылық белгісі ретінде бұрынғы жұмыс орнына қарсы көліктер тұратын жерде өзін-өзі өртеген болатын. Ол өртеніп, жерде жатқан кезде оған осы адамдар көмекке келген:
- Таңертеңгі жиналыстан кейін шамамен сағат 11.20-да мен темекі тартуға шыққан едім. Ол орын 3-қабатта болатын, - деп әңгімелейді Қазақстан мен Өзбекстан бойынша «Шлюмберже» компаниясын жүргізу жөніндегі өңірлік сарапшы Махмұт МЕҢДІБАЕВ. – Сол жерден екі көлік арасында әлдебір қыздың тұрғанын байқадым. Содан кейін оның жүресінен отырғанын, алдында кішкене ғана от жанып тұрғанын байқадым. Тосын көрінгенмен, қажетсіз қағаздарды өртеп тұрған шығар деп ойладым. Кенет ол ыршып түсті, алдыңғы жағында киімінің тұтанып жатқанын, инстинктті түрде қолын сермелегенін көрдім. Темекімді тастай сала, төменге қарай жүгірдім. Жолдан өрт сөндіргішті іле кетіп, іштегілерге қыз өртеніп жатыр деп айқай салдым. Сырттан әріптесім Есболат ЖЫЛҚЫШИЕВТІ кездестіріп, «Өрт сөндіргішті ал!» деп айқайладым. Жүгіріп барғанымда денесін түгел жалын алып кеткен екен. Ал қыз етпетінен құлап, ыңырсып жатты. Мен өрт сөндіргіштің чегін жұлып алып, бірнеше рет шашып, жалынды өшірдім. Аударып қарасам, жап-жас қыз екен. Үнсіз ғана, ыңырсып, ауыр дем алып жатты. Сол мезетте Есболат жүгіріп келіп, отты өшіре бастады. Әлдебір түйіншек пе, күрте ме, тағы бірдеңелер жанып жатқан болатын. Тағы бірнеше әріптестеріміз жақындап келіп, оны біздің күзетшінің будкасына әкелдік. Мен ресепшндегі қызға «жедел жәрдем» шақырып, тыныштандыру үшін шай немесе кофе дайындауды өтіндім.
- Жалынды көрген сәттен бері қанша уақыт өтті?
- Екі минуттай.
- Ол мұны не үшін жасағанын айтты ма?
- Жоқ, жедел жәрдемді күтіп отырғанда жақ ашпады, мен де жұмыс орныма кеттім. Қасында ресепшндегі біздің қыздар отырды. «Жедел жәрдем» 5-7 минут ішінде өте тез келді.
P.S. Талтүсте қала ортасындағы қозғалысы көп көшеде адамның от жағуы таң қалдырады. Әсіресе, бұл прокуратура алдында өзін-өзі өртеген алғашқы жағдай емес екенін ескерсек. Бірнеше куәгердің айтуынша, екі ғимарат дуалының бүкіл периметрі бойынша полицейлер толып тұрған. Олар тосын әрекеттер жасаған әйелдің әрекетіне еш селт етпеген. Көлік тұрағында адамның өзіне әлдебір сұйықтықты құйып, содан соң от тұтатқанын, сәлден соң өзінің де өртенгенін олар көрді. Алайда, форма кигендер емес, қарапайым қала тұрғындары жедел әрекет етті. Мұны немен түсіндіруге болады? Смадьярованы құтқарғандар біраз уақыттан кейін өрт сөндіргіш алып, бір полицейдің жүгіріп келгенін айтады. Бірақ, ол кезде от сөндіріліп болған еді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН