Соңғы аптада Грекия мен Түркияның арасы Эгей теңізіндегі даулы аралдарға қатысты шиеленісе түсті. Анкара Афинаны "арандату әрекеттерін жасап отыр" деп айыптады. Грекия Түркия ұшақтарының елдің әуе кеңістігіне жаппай енгенін мәлімдеді. Екі ел қарым-қатынасы өткен аптада Грекия соты өткен жылы шілдедегі мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне қатысы бар деп айыпталған сегіз түрік солдатын Анкараға экстрадициялаудан бас тартқанда шиеленісті.
1 ақпанда Грекия түркиялық әскери ұшақтардың елдің Эгей теңізі акваториясындағы әуе кеңістігіне бірнеше рет бұзып кіргенін хабарлаған. Грекия қорғаныс министрі Панос Камменос "Біз бейбітшілікті қалаймыз және Эгей теңізінде ыңғайсыздық пен жанжал шыққанын қаламаймыз. Бірақ кез-келген ұшақты қақпайлаймыз" деп мәлімдеді. Түркияның Hurriyet басылымының хабарлауынша, Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу "Грекия ұзақ уақыт арандатушылықпен айналысты. Біз көршілерімізбен кикілжіңге бармау үшін өзімізді қалыпты ұстаймыз" деп мәлімдеген.
1996 жылы Түркия мен Грекия Эгей теңізіндегі халық қоныстанбаған екі аралды әрқайсысы өзінікі санап, соғыса жаздаған. Осы аптада екі ел аралдар маңында әскери әлеуетін байқатқан: Камменос даулы территориялардың үстінен ұшып өткен, бұдан соң оған жақын теңізге Түркия бас штабының қолбасшысы Хулуси Акар барған.
Дереккөз: Азаттық