Атырау, 3 мамыр 18:50
 ашықВ Атырау +10
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

Квебекте мешіттегі шабуылға күдіктіге айып тағылды

1 474 просмотра

Канадалық 27 жастағы студент Александр Биссоннеттке (суретте) Квебек қаласындағы мешітте алты адамды өлтірді деген айып тағылды. Әсіре оңшыл көзқарасты ұстанатын Биссоннетт сонымен қатар бес эпизод бойынша кісі өлтірмек болды деп айыпталып отыр. Шабуылға қатысты ұсталған Мароккодан шыққан канадалық Мохамед әл-Кадир енді іске куәгер ретінде тартылмақ,- деп хабарлады Азаттық.

Полиция 29 қаңтарда мешітте болған атысты бір адам ғана жасаған дейді. Қарулы күдікті кешкілік құлшылық кезінде мешітке кіріп, ондағы адамдарға оқ жаудырған. Шабуылдан алты адам қаза тауып, 17 адам жараланған. Канада премьер-министрі Джастин Трюдо, Квебек провинциясының премьері Филипп Кюяр шабуылды "мұсылмандарға қарсы теракт" деп бағалады. Трюдо парламентке жасаған үндеуінде Канадада тұратын бір миллион мұсылманға "Біз сіздермен біргеміз. 36 миллион адамның жүрегі сіздермен бірге қайғыдан қарс айрылды. Біз сіздерді бағалаймыз" деп мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Джастин Трюдомен телефонмен сөйлескенінде шабуыл құрбандарының қазасына көңіл айтты. Париж мэрі шабуыл құрбандарын еске алу үшін және Канадаға "бауырластық үндеу" ретінде Эйфель мұнарасының жарығы түн ортасында сөндірілетінін хабарлады.

Дереккөз: Азаттық

31 қаңтар 2017, 11:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.