Атырау, 28 қараша 00:49
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жұмыс орындарында орын алған өлім-жітім және оның себептері

3 080 просмотра

Жақында облыстық мәслихаттың сессиясында Атырау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Батырбек ИБРАШЕВТЫҢ баяндамасында өткен жылы Атырау облысында еңбек қызметіне байланысты кісі өлімімен аяқталған сегіз қайғылы оқиғаның орын алғандығы айтылды. «АЖ» сауалына басқармадан жазбаша жауап келді.

Тізімде бірінші болып 2015 жылдың 29 қазанында «ProtectSekurity» ЖШС-нің қызметкеріне қатысты орын алған қайғылы оқиға көрсетілген. Сырым Датов көшесінің бойындағы «Ақжайық-7» ЖШС аумағында вахтада тұрған 50 жастағы күзетшіні өтіп бара жатқан автобус басып кеткен. Инспекторлар бұл туралы 2016 жылы біліп, жұмыс берушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 96-бабы («Еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісін жасыру») бойынша 100 АЕК (212 100 теңге) айыппұл салған.

2016 жылдың 2 ақпанында «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ бөлімінің 39 жастағы бастығы әуежай трассасында қызметтік көлікте жол апатынан қаза болған.

9 сәуірде «Ривьера» қонақ үй кешенінде «Н-Сервис» ЖШС-нің 56 жастағы қызметкері қабырғаны бұзу кезінде үстіне кірпіш құлап, зақым алып, көз жұмған.

19 мамырда Жылыой ауданының «Қаратөбе-Бурбайтау» кенішінде  «Мұнай Сервис» ЖШС бұрғылаушысының 52 жастағы көмекшісі бұрғылау қондырғысын бұзу кезінде 8 метр биіктіктен құлап, қайтыс болған.

27 мамырда «Құлсарыгаз» ЖШС-нің кеңсе ғимаратының жертөлесінде 23 жастағы жұмысшысы нөсер жауын суын электр сорғысымен тартып шығару кезінде ток соғып, көз жұмған.

21 маусымда Атырау мұнай және газ университетінің аумағында кәріз тұрбасын салып жатқан мердігер мекеменің 42 жастағы директоры дұрыс қазылғанын тексеру үшін траншеяға түскен кезде үстін топырақ басып қалған.

18 тамызда Каспий теңізі акваториясының солтүстік бөлігінде геофизикалық зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде «Гео Энерджи Групп» ЖШС-нің 44 жастағы кеме жүргізушісі суға батып кеткен.

22 қыркүйекте Махамбет ауданының Сарайшық ауылында «Атырау-АгроӨнімдері» ЖШС-нің 50 жастағы КамАЗ жүргізушісі стартерді жөндеумен айналысып жатқан кезде аяқ астынан мотор қосылып, көлік жүргізушіні басып кеткен.

Салыстыру үшін, 2015 жылы өндірісте қызметкерлер көз жұмған екі оқиға орын алған.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

30 қаңтар 2017, 18:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.