Иран сыртқы істер министрі Мохамад Жавад Зариф (суретте) АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ-қа жеті мұсылман елдері азаматтарының кіруіне салған тыйымын "экстремистер мен олардың жақтастары үшін үлкен сый" деп атады,- деп хабарлады Азаттық.
"Ұжымдық кемсітушілік террористерге тереңдеп бара жатқан бөліну шегін өз мүдделеріне пайдаланып, қатарларына адам тартуына, экстремистік демагогтарға өз қатарын толтыруға көмектеседі" деп жазды Жавад Зариф Twitter-де.
Дональд Трамп 27 қаңтарда АҚШ-ты "шетелдік террористерден қорғау" туралы сайлау алдында берген уәдесін орындау үшін Иран, Ирак, Йемен, Сирия, Судан, Сомали және Ливия азаматтарының елге кіруіне уақытша тыйым салған. Трамптың сөзінше, тыйым иммиграциялық бақылаудың жаңа ережелері дайындалғанша 90 күнге дейін енгізіледі.
Иран сыртқы істер министрлігі Тегеранның бұған жауап шараларын қабылдап, Иранға АҚШ азаматтарының кіруіне тыйым салатынын мәлімдеген. Бірақ Зариф визасы бар америкалықтарға шектеу салынбайтынын айтты.
Дереккөз: Азаттық