Канаданың Квебек қаласында 29 қаңтар күні ислам мәдени орталығына кешке құлшылыққа келгендерге қарулы адамдар оқ атып, бес кісі қаза тапты деп хабарлады орталық басшылығына сілтеме жасаған Reuters агенттігі.
Қанды оқиғаға куә болғандардың бірінің агенттікке айтуына қарағанда, қарулы үш адам Квебек ислам мәдени орталығында 40 шақты адамға оқ жаудырған. Полиция орталық аумағын қоршауға алған, журналистерге оқиға туралы комментарий беруден бас тартады.
Орталық президенті Мохамед Янгуи шабуылды "тағылық әрекет" деп атады.
2016 жылы маусымда әлдекімдер орталық алдына шошқаның кесілген басын тастап кеткен еді.
Мохамед Янгуи шабуыл жасалған кезде өзі орталықта болмағанын, бірақ ондағы адамдар қоңырау шалғанын айтты. Ол шабуылдан қанша адам жараланғанын білмейтінін, жаралыларды қаладағы бірнеше ауруханаға алып кеткенін хабарлады.
Квебекте соңғы жылдары мұсылмандардың бет-әлпетін жауып тұратын киімі - ниқабқа тыйым салуға байланысты саяси дебатқа байланысты исламофобия күшейе бастаған. 2013 жылы полиция Квебектің Сагеней аймағындағы мешітке әлдекімдер белгісіз жануардың қанын шашып жағып кеткен соң тергеу жүргізген.
2015 жылы қарашада Парижде шабуыл болған күннің ертеңінде Онтариода белгісіз адамдар мешітке от қойып кеткен.
Дереккөз: Азаттық