Атырау, 24 қараша 07:15
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Әсел Әбдірахманова:қалаған әнімді шырқаймын

4 030 просмотра

Атырау әншісі Әсел ӘБДІРАХМАНОВАНЫҢ әлемдік музыка Олимпін бағындыру жоспарында бар. Cоңғы жарты жыл ол  үшін текке өтпеді – ол өзінің алғашқы жеке альбомы үшін материал дайындап, тіс қақты Америка жұртшылығы алдына шығатын өз имиджімен жұмыс істеді. Мұның бәрін туысқандары мен жақындарынан жырақта – Америкада жүзеге асырған. Туған қаласына азғана уақытқа келген ол біздің оқырмандарымызбен өз жетістіктерін бөлісуге асықты. 

- Әсел, сен жазда Атырауға келген кезде өзіңнің жеке альбомыңды жазып, MTV-дан клип жіберу туралы жоспарың туралы айтқан едің. Мұны іске асқан жоба деп айтуымызға бола ма?

- Альбомға қатысты жұмысым аяқталып та қалды. Оған арналған материал толықтай дайын, ағылшын тіліндегі әннің бүкіл мәтінін өзім жаздым. Кейбір әндерді Атырауда тұрған кезімде қазақ және орыс тілдерінде жазған едім. Содан кейін мен оларды ағылшын тіліне аудардым. Енді альбомға енетін әндер мен синглды – клип жазылатын басты хитты таңдау ғана қалды. Жұмыс көп, бірақ мен туғандарымды сағынғаным сондай, шыдай алмай жаңа жылды Атырауда қарсы алу үшін келдім.

- Жалғыз өзіңе шетте жүрген қиын шығар?

- Әрине, қиын. Әсіресе, бастапқыда. Бағыма орай, осы жолды бастар алдында маған сенім көрсетіп, қолдау көрсетуді ұйғарған жандар табылды. Олар бір кездері танымал болсам, оларға қолдау көрсетеді деген үмітпен маған қазір де көмектесіп тұрады. Солай болатынына сенімдімін де. Арманым алға жетелейді. Егер бастапқыда өз таңдауыма күмәнданған болсам, республикалық конкурстағы жеңісімнен кейін бұл менің жолым екенін нақты түсіндім. «Жас қанат» шынымен де мені қанаттандырды. Өз мақсатыма табанды түрде жетіп келемін, бұрын қолымнан келмеген нәрселерді жасауға үйренудемін. Бүгінгі күні қандай әнді қаласам да, қалай қаласам да айта аламын, менімен жұмыс істейтін адамдар мені осы үшін құрметтейді. Музыканы үзіліссіз тыңдаймын, музыкалық бейнежазбаларды қараймын, вокалмен айналысамын. Ақырында бәрі де реттелді, менеджерлерім мені жақсы қолдайды. Олар мен үшін қай кезде де өзімді үйімде жүргендей сезінуім үшін барлық жағдайды жасауға тырысады. Өздеріне отбасылық мейрамдарда қонақтыққа шақырады. Мұндай қарым-қатынасты сезіну сондай жылы әсерге бөлейді. Бүгінде мен үшін екінші отбасыма айналған ынтымақты командада жұмыс істеймін. Ең алдыңғы кезекте менеджерлерім тұр, олар менің шаруаларыммен айналысады, әнді жазуға қатысты студиялармен келісім жасайды. Содан кейінгі кезекте жеке менеджерлерім тұрады. Олар менің өкілім ретінде жұмыс істейді, кейде психолог рөлін атқарады. Содан соң жеке келбетіңмен жұмыс істейтін имиджмейкерлер бар.

- Мұны іске байсалды кірісу деп айтуға болады. Оның Қазақстандағы жас әртістерді дайындаудан қаншалықты айырмашылығы бар?

- Түбегейлі. Әртіске концерттерді ұйымдастырумен айналысуға, клипті жазуға ақша іздестіріп жүруге тура келген жағдайда, оның тікелей шығармашылыққа уақыты мен күші қалмайды. R&B бағытындағы Anthony Hamilton Raheem, Jaheem, Kem секілді жұлдыздар қатысқан үлкен ұлттық турненің сахна сыртындағы жұмыс тәжірибем туралы айта аламын. Бүкіл осы механизмнің қалай жұмыс істейтінін білу үшін мен жобаның ұйымдастырушы құрамына орналастым. Еш жұмысты жатсынбадым, костюмер де болдым, асүйге де көмектестім. Мен үшін бәрі де жаңа, тосын болды, әртістің өнер көрсетуі мен оның жұмысын қалай ұйымдастыратындығы таң қалдырады. Бес әртістің турнесіне қолдау көрсету үшін жүздеген түрлі мамандардан тұратын адамдар командасы жұмыс істейді. Олардың ішінде: бишілер, бэк-вокалистер, инженерлер, жарық түсірушілер, стилистер, костюмерлер, аспаздар, жүргізушілер және т.б. бар. Бұл орындаушылардың шығармашылыққа толық берілуіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде әрбір кәсіпқой өз ісімен ең биік деңгейде айналысатын болады.

- Сен имиджмейкермен жұмыс туралы айтып өткен болатынсың. Сені клипте қандай келбетте көре аламыз?

- Біз басқа орындаушылар арасынан ерекшелеп тұратын, бірақ менің ішкі дүниеме сай келетін келбет туралы ұзақ ойландық. Нұсқалар көп болды. Ақырғы таңдауды Штатқа оралған соң жасайтын боламыз. Бұл барлығы үшін тосын сый болсын, бар болғаны батыс адамдары үшін экзотикалық сыртқы келбет пен ұлтқа баса назар аударатындығымызды ғана айтайын. Бұрын әңгімелеп өткен композитор әрі продюсер Брэндон ХАУЭРДПЕН және хореограф Тодд СЭМСПЕН жұмысымызды жалғастырамыз деп ойлаймын.

- Өз әндеріңнің мәтіндерін өзің жазасың ба, олар не туралы?

- Мен оң пайымдау жасайтын адаммын, бұл менің әндерімде бейнеленеді. Сүйікті композицияларымның бірі «Время» әуені әрі-сәрі көңіл-күйде жазылған еді. Сол кезде мен жол айрықта тұрған едім: бір жағынан менің жақсы жұмысым болды, туысқандарым мен жақындарым жанымда еді. Бәрі де жақсы секілді болатын. Алайда сахна туралы арманым қол бұлғап шақыратын, ән айтқым келді. Нені таңдауды білмедім. Дәлірек айтқанда, үйреншікті өмірімді тастап, өз арманымның жетегінде кетуге жүрексіндім. Өйткені әртістерге оңай тимейтінін еститінбіз. Отырып алып, уақытты босқа жоғалтып жатқан жоқпын ба деп ойландым. Ал уақыт өтіп жатты... Ән қымбат уақытты жоғалтпас үшін өз таңдауыңды жасау керектігі туралы. Айтпақшы, бұл композиция ұлттық әуендермен, домбыра үнімен нақышталалады. Әдемі шықты.

- Альбомға арналған әнді қайда жаздың?

- Кейбір әндерді атыраулық композитор Сырым НӘБИҚҰЛОВПЕН Алматыда жазған едік. Алайда альбомның көп бөлігі Америкада: Кливлендте, Нью-Йоркте, Лос-Анджелесте түрлі студияларда жазылды. Штаттарда ән жазбаны түрлі студияларда жазған жақсы деп есептейді. Әр композитордың өзінің ерекшелігі болады: біреулері өздерінің баяу композицияларымен даңқы шықса, басқаларының қолынан «қатаңдау» нәрселер жақсы шығып жатады. Альбом біз бірсарынды боп шықпас үшін тәжірибе жасап көруді ұйғардық.

- Кешікпей Штаттарға қайтадан кетесің. Ол жерде сені не күтіп тұр?

- Менің алғашқы альбомыма соңғы штрихтар, имидж бен синглдің ақырғы таңдауы, альбом шығарумен және клип жазумен айналысатын «Sony Records» продюсерлік компаниясымен жұмыс күтіп тұр. Штаттар мен Қазақстандағы көрермендерге ұнайды деп үміттенемін.

Жазып алған Зульфия ИСКАЛИЕВА

Фотосуреттер Әсел Әбдірахманованың жеке мұрағатынан алынды

19 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.