Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ-тың БҰҰ мен өзге де халықаралық ұйымдар бюджетіне төлейтін жарнасын азайтып, халықаралық көпжақты келісімдердің талаптарын орындаудан бас тартқызатын президент жарлықтарын дайындап жатыр деп хабарлады New York Times басылымы.
Басылым ие болған жарлық жобаларында БҰҰ-ның кез-келген агенттігін немесе Иран мен Солтүстік Кореяға салынған санкцияларды айналып өтетін, "теероризмді қолдайтын кез-келген мемлекеттің бақылауындағы", я Палестина әкімшілігі (Палестинаны азат ету ұйымы) толық мүше кез-келген халықаралық ұйымға жарна төлеуді күрт тоқтатыны айтылған.
Жарлықтардың жобасында АҚШ қаржыландыруын кем дегенде 40 пайызға дейін азайтатын қосымша халықаралық бағдарламалардың тізімін жасайтын комиссия құрылатыны да көрсетілген. Ол бағдарламаларға бітімгерлік операциялары, Халықаралық қылмыстық сот қызметі, "АҚШ сыртқы саясатының маңызды аспектілеріне" қарсы тұратын елдерге экономикалық көмек көрсету кіреді. АҚШ қазір БҰҰ бітімгерлік операциялары бюджетінің төрттен бірін жабады.
АҚШ талаптарын орындаудан бас тартатын келісімдер арасында көпжақты жасалған келісімдер бар және олардың "ұлттық қауіпсіздік, экстрадиция және сыртқы саудаға" қатысы жоқ. Жобаға берілген түсініктемеде мұндай келісімдерге мысал ретінде БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенция мен бала құқығы туралы конвенция келтірілген.
New York Times Дональд Трамп сайлауалды кампаниясында климат жөніндегі Париж келісіміне қатысты да күмәнді ой-пікір білдіргенін еске салады.
Дереккөз: Азаттық