Жақында мен Қызылқоға ауданы Мұқыр ауылының тұрғыны Самат ТАБЫНБАЕВПЕН (суретте) таныстым. Ол қыстың күні суық суға жуынып, шаңғы тебуді әдетке айналдырған.
Қазір Мұқырда түскен қардың қалыңдығы 20 см, аумақты түгел басып жатыр. Ал түнде -40 градус шамасында аязды көрсетіп тұр. Осындай бет қаратпас қақаған аязда жалаңаш денесімен қарға «шомылып» жүрген елуді еңсерген азамат шаңғы тебумен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді екен.
- Ауылымызға қардың қалың түсуі шаңғы тебуге қолайлы болып тұр. Биылдан бастап 5 км қашықтыққа шаңғы тебуді қолға алдым. Қарды шаңғымен кесу үшін күш керек, бұл қол мен аяқтың бұлшық етін қатайтуға, жалпы, денені шынықтыруға жақсы, - дейді С.Табынбаев.
Ол өзінің шаңғы киіп тұрған суретін Facebook-тегі парақшасына салып қойыпты. Оның айтуынша, мұны мақтан үшін емес, өзгелерге үлгі болу үшін салған.
- Қазір байқағаным, өзіммен қатарлас жігіттердің көбінің қимыл-қозғалыстары ауырлаған. Жаяу жүрістен гөрі көлікпен жүреді, қозғалыс аз, тез шаршап қалады. Спортпен айналысса, мұндай болмас еді, - дейді С. Табынбаев.
Ауылда жұмыс көзі табыла бермегенмен қарап жатпайды. Күнкөріс үшін көктемнен бастап техникасын жөндеп, жаздай шөп шауып дайындайтын пішеншілер қатарында жүреді. Жаз айында науқан кезінде жанармайды үнемдеу үшін 10-15 км жаяу жүріп, үйге қатынау Саматқа бұйым емес көрінеді.
Спортты жанына серік еткен Саматтың ісі өзгелерге үлгі болса дейсің...
Ләззат ҚАРАЖАНОВА