Атырау, 24 қараша 10:32
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мүгедектің мұңы қашан сейілер?

3 907 просмотра

«АЖ» поштасына индерлік, бірінші топтағы мүгедек Қабес Қапаров жан айқайын былайша жеткізді.

‑ Мен «АЖ» газетіндегі «Индер ауданы проблемасы қашан таусылады?» деген мақаланы оқып, ойға қалдым. Ондағы жатақхана тұрғындарының қаржы жетпестігіне байланысты ауылдарға еріксіз көшірілгені турасында оқып, жаным жараланды. Өйткені мен де аудан әкімінің құр уәдесіне алданып қалған болатынмын. Әкімнің қызметтік үйінің жөнделуіне 3 млн. 850 мың теңге бөлінген, маған тек соның үш жүз мың теңгесін берсе ғой деп армандадым. Бұдан бұрынғы әкімдер мүгедек деп бізді шетке ысырып тастаған жоқ, қолдан келер көмектерін көрсеткен еді. Мен облысқа арыз хат жаздым, соған орай тәртіптік Кеңестен, басқа да құзырлы орындардан адамдар келді. Олар жағдайды көрді. Себебі тұрған үйімнің әбден тозығы жеткен болатын, бірнеше жылдап жөндеу көрмегендіктен қабырғалары, едендері, терезелері, есіктері ескірген. Бәрінен бұрын үйдегі әжетханаға мүгедектік арбамен кіріп шығудың өзі азап. Есікке арбамен сыймаймын, жуынатын бөлме де солай. Өз үйіңде тұрып осындай мүмкіндіктен айрылған қиын екен,‑дейді Қабес ҚАПАРОВ.

Өткен жылы жазда облыс әкімі Бергей Рысқалиев келгенде Қабес жолыққысы келгенімен жергілікті әкімдіктегілер оған мүмкіндік бермеген. Шарасыз қалған мүгедек жан енді қайда барарын білмейді. Банкіден несие алғысы келгенімен жиырма мың теңгеге ешкім келіспейді. Мүмкіндігі шектеулі жан тіпті өндірістік мекемелерді аралаған. Мешіттегілер қаржы көзі табылса жөндеу ісін өз күштерімен жүргізуге келісім беріп отырған көрінеді.

Шынымен де бірінші топтағы мүгедек жанның жан айқайын түсінуге болады. Айтса айтқандай үй ескірген. Батареяда жылу бар болғанымен үй салқын. Оның үстіне үй алдындағы пандусты 1990 жылы ағаштан салып берген, ол да сынып жатыр. Жиырма жылдан бері қайдан шыдасын. Қабес ешкімге масыл да болғысы келмейді, өзінше жұмыс жасамақ болғанымен ешкім бұл күйінде қабылдамайтыны сөзсіз. Банктен несие алғысы келгенімен мүгедекке оны да бермейді.

Студенттік кезде оқыс оқиғадан соң мүгедек арбасына таңылған жанның мұңын кім тыңдасын. Облыстық әкімшілікке барғысы келгенімен, онда жете алмаған. Қарға адым жер мұң болған Қапаровтың мұңын мұңдап аудандық әкімшілікке хабарласпақ болдық. Аудан әкімі Жанкелді Рахметқалиев қалта телефонын көтермеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА  

19 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.