Атырауда Әбілқайыр хан даңғылындағы жарықтандыру бағандары ауыстырылуда.
Әуежай тас жолындағы жарықтандыру желілерін жаңғырту жобасы 2014 жылы бекітілген болатын. Мәслихат қаржыландыруды 2016 жылы бекіткен соң жұмыс өткен жылдың аяғында басталды. Нысан наурыздың аяғында тапсырылмақ.
Жаңғырту жұмыстары барысында Сәтпаев даңғылының аяқ жағынан әуежайға дейінгі бағандар толық ауыстырылмақ. Барлығы 384 баған болмақ. Енді қаладағы ең кең автокөлік жолының екі жағы да жарықтандырылмақ. Жарықдиотты энергия үнемдегіш шамдардың кепілдік қызмет көрсету мерзімі 2 жыл.
Қалалық ТКШ бөлімінің тапсырысын орындау құқығына құны 321 млн теңгені құрайтын тендерді жеңіп алған ақтөбелік «Интерэлектрокомплект» компаниясы ие болды. Жөндеуден соң нысан бұрынғыдай ТКШ балансында қала бермек. Жұмыс істеп тұрған бағандар алынып тасталады және есептен шығарылатын болады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА