Атырау, 28 қараша 00:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

39 жылдан кейінгі қауышу

4 389 просмотра

- Анам өле-өлгенше «Эламды көрсем» деп армандаумен болды. Бірақ, бұл арманы орындалмады, ол 54 жасында қайтыс болды. Ал әкеміз 50 жасында өмірден озды. Біз Эла хабарсыз кеткен соң, ол туралы көп сұрастырдық, іздедік, бірақ, таба алмадық, - деп бастады әңгімесін Индер ауданы Аққала ауылының тұрғыны Жанболат АХМЕТОВ.

Қазақта бала асырап алу, әсіресе, ағайынның бүлдіршінін бауырына басуы ертеден бар. Үйдің қарттары келіні Ғайнештен рұқсат сұрамастан жасы 2-ден жаңа асқан Элеонорасын қайынағасы Кенжеғали мен Данияға беріп жібергенде, жүрегі езілген жас келіншек көз жасына малшынып қала берген. Кенжеғали мен Данияның өз балалары болмағандықтан бұдан бұрын балалар үйінен бір қыз асырап алған болатын.

Балапанының өзіне ұмтылған сәттері жатталып қалғанымен қарттарға қарсы тұру қазақтың ибалы келінінде қалыптаспаған. Ал жолдасы Нұролла сыр бермепті.

Жанболат Ахметов- Бұл туралы бізге анамыз есейген шағымызда талай сыр ғып шерткен. Бауырында Элеонорадан бөлек екі ұл, екі қыз болса да бауыр еті баласын үнемі айтып отыратын. Ақамыз жазғы каникулға қонақ болып келген сайын Эла бізбен бірге ойнайды. Үлкендер бізге оның осы үйдің баласы екенін айтпай, құпия сақтаған, - дейді Жанболат.

Бастапқыда Жамбыл қаласында тұрған Кенжеғали Нұрмағамбетов кейін Орал қаласына келеді. Ал сосын Ақтөбеге көшеді. Институттаарда сабақ беретін ол келініне берген уәдесі бойынша Элеонораны жылына бір рет көрсетіп кетіп жүрген. Бірақ, қартайғасын қияндағы Аққалаға келу қиындап кетеді. Сөйтіп жүргенде 10-сыныпты бітірген Элеонора Латвияның Рига қаласына оқуға түсуге кетеді. Соңғы рет ауылға 1978 жылы келген екен, содан кейін қатынас мүлдем үзілген.

- Біз анамыздың аманатын орындау үшін Ақтөбеге үш рет барып кеттім. Бірақ, мекенжай бойынша үйіне қанша барсам да есікті ешкім ашпайтын. Олардың Ақтөбеде тұратынын-тұрмайтынын білу мүмкін болмады. Талай рет интернеттен де іздеп көрдік, бірақ, ешқандай дерек жоқ. Кейін апамыздың Ригада тұрмысқа шығып, сол жақта қалып қойғанын, екі баласы бар екенін білдік. Мұны біз өзімен кездескен кезде білдік, - дейді Ж. Ахметов.

Бұл былай болған еді. Кенжеғали Нұрмағамбетов қайтыс болары алдында Элеонораға оның туған інілері мен сіңлілері туралы айтып үлгерген. Ал биыл Элеонора Ақтөбедегі тете апасы Флора (балалар үйінен асырап алынған) қайтыс болып, қадесіне қатысу үшін сонау Ригадан ұлымен бірге ұшып келді. Кейін Ақтауда тұратын таныстарына барады. Сол жерде таныстары арқылы Аққала ауылының тумасы, Ақтау қаласында тұратын Рүстем деген оның туғандарының байланыс телефондарын береді. Ол сол жерде ауылға телефон соғып, кездеседі.

- Жанболат сүйінші сұрап келгенде басында аңтарылдық, кейін жыладық. Анамыз тіріліп келгендей сезімде болдық. Біз ойланып жатпастан бірден Ақтауға билет алып жеттік. Бұл 39 жылдан кейінгі кездесіп тұрғанымыз. Біз енді үнемі хабарласып тұруға келістік, - деп әңгімелейді оның сіңлілері Ләззат пен Ақару АХМЕТОВАЛАР.

- Рига өте тыныш, әдемі қала. Жағдайымыз жақсы. Мен шетте жүрсем де, жүрегім Қазақстан деп соғып тұрады. Әсіресе, туып-өскен ауылым Аққаланы еш ұмытқан емеспін. Шашым қара болғандықтан менің басқа ұлттан екенімді білетін. Ана тілімді ұмыттым. Енді қайтадан үйрену керек, - дейді Элеонора. - Мен өткеніме өкінбеймін. Әкем жақсы тәрбиеледі, оқытты. Апам қайтыс болғаннан кейін жалғыз қалғандай едім. Енді туыстарым көбейді. Мен соған қуаныштымын.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 қаңтар 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.