QazaqAir әуе компаниясының экипажы ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің (ИДМ) талабы бойынша ұшудан шеттетілді.
Атырау-Ақтөбе-Шымкент әуе рейсінің кейінге қалдырылуына байланысты оқиғаға ҚР ИДМ Азаматтық авиациясы комитеті комментарий берді: «Авиациялық персоналға рұқсат беру ережесін бұзғаны үшін бекітілген заңнамалық тәртіп бойынша компания басшылығына әкімшілік шаралар алынатын болады. QazaqAir АҚ басшылығына қызметтік тергеу жүргізу туралы нұсқау берілді. Оның нәтижелері бойынша ұшу алды демалыс режимін бұзу фактісіне жол бермеу шаралары алынатын болады».
Біздің дереккөзіміздің растауынша, Атырау халықаралық әуежайының медициналық пунктінің кезекші дәрігері реттелген «Медициналық куәландыру ережелері» бойынша экипажды ұшу алды тексеруден өткізеді. Экипаж мүшелері мен әуе қозғалысына қызмет көрсетуші әуе диспетчерлері міндетті ұшу алды тексеруден өтеді.
Әуежайдың медицина қызметкері әуе кемесі командирінен алкогольдің иісін, содан соң жоғары қан қысымын, жиі жүрек қағысы мен тамыр соғысын анықтайды. Факт журналға тіркеліп, содан кейін әуе компаниясы өкілдерінің қысымына қарамастан, айыға қоймаған ұшқышты әуе компаниясы қызметкері мен әуежай медицина қызметкеріне ілестіріп, наркологиялық диспансерге куәландыруға жібереді.
Осыдан бір жыл бұрын осыған ұқсас оқиға орын алып, сол оқиғадан соң «қарауыл» ерту қажеттілікке айналды. Сол кезде «Эйр Астана» ұлттық тасымалдаушысының Атырау-Амстердам әуе рейсі кейінге қалдырылған еді. Команданы өте жас екінші ұшқыш жерге қаратқан болатын.
– Сол кезде де оны біздің медицина қызметкерлері ұшудан шеттетіп, куәландыру үшін диспансерге жіберген болатын. Бірақ бір нәрсе ескерілмеді. Бізден ешкім ілеспегендіктен ұшқыш наркологтарға 3 сағаттан соң, масаюдың қалдық сипаттары ғайып болғаннан кейін «жеткен». Сөйтіп, рейс 6 сағат кешіктіріліп ұшырылды, - деп хабарлады құпия сарапшы.
Атырау қаласындағы наркология диспансеріндегі сараптама QazaqAir ұшқышының ағзасынан алкогольдің бар екенін растады. Алкотестер 0,18 промилле концентрацияны анықтаған. Бұл тұрғыдағы есептеулер адамның жеке ерекшеліктеріне, денсаулығына және алкогольді көтеру қабілетіне көп байланысты. Бірақ шартты жалпы көрсеткіштер бар: сыраның бөтелкесінде теориялық тұрғыда 0,32 промилле болады, яғни, жарты бөтелкеде 0,16 промиллені құрайды. Ұшуды жүргізу қағидаларына сәйкес, экипаж мүшелері «алкоголь ішкеннен кейін 24 сағаттан бұрын, сонымен қатар, қанында алкоголь болған кезде» ұшу міндеттерін орындауға жіберілмейді. Сондықтан куәландырылғаннан кейін экипаж мүшелерін ауыстыру туралы шешім қабылданып, рейс 12 сағат 45 минутқа кешіктіріліп орындалды.
Кінәлі болған капитан шетелдік азамат, түрлі мәліметтер бойынша, итальяндық не испандық азамат. Бірақ ИДМ мәліметтері бойынша, әуе кемесінің МУНОЗ деген командирінің Испания Авиация билігі берген жарамды авиациялық персонал куәлігі бар.
Экипаж ұшулар орындаудан шеттетілді. Шеттету мерзімі нақтыланбады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ
Ұшу алды (ауысым алды) медициналық тексеру келесі көлемде жүргізіледі: сұрақ қою, сыртқы тексеру, ауыз қуысын және жұтқыншақты тексеру, тамыр соғуын қарау, көрсеткіштер бойынша – қан қысымын, дене қызуын өлшеу және дем шығарғанда алкогольге сынама алу.