Ескі жаңа жыл қарсаңында «Ембімұнайгаз» АҚ мүмкіншілігі шектеулі балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балалары үшін қайырымдылық жасыл шырша мерекесін өткізді.
Компания үш күн бойы, 11-13 қаңтар күндері жаңа жылдық мерекелік шараларды ұйымдастырды. «Облыстық арнаулы тіл-мүкістігі бар балалардың № 3 облыстық мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесінде, дамуында кемшілігі бар облыстық интернат -үйінде, С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде, «Шаңырақ» балалар ауылында және облыстық балалар сауықтыру орталығында қайырымдылық жасыл шырша шаралары өтті. Жасыл шырша мерекесіне 1400 бала қатысты. Үлкен мерекелік шара 13 қаңтар күні М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театрында өз мәресіне жетті.
- Компания үшін көмекке мұқтаж балаларға қайырымдылық шараларын өткізу - дәстүрге айналған игілікті іс. Денсаулықтарына және басқа да себептерге байланысты уақыттарының көбін үйде өткізетін балалардың мерекелік көңіл күйді сезінулеріне жағдай жасау - ембілік мұнайшылардың үнемі назарында, - деп атап өтті мерекелік шарада бас директордың жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар ЖАҚСЫБЕКОВ.
- Балаларға мерекелік шараны тарту еткен «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына үлкен алғыс айтамын. Компания осымен екі жыл қатарынан қайырымдылық жасыл шырша мерекесін ұйымдастырып отыр. Бүгінгі шара бізге өте ұнады,- деп ой бөлісті Айсана САЯСАТТЫҢ анасы Венера ӘЖІҒАЛИЕВА.
Мерекеде балаларға ертегі кейіпкерлерінің қойылымдары ұсынылып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, жаңа жылдық сыйлықтар таратылды. Қайырымдылық шарасында Компания «Жас мамандар» кеңесінің мүшелері белсенділік танытты.
«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі