Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай ҚАЗИЕВ 2017 жылдың жоспарлары туралы әңгімеледі.
Өткен жылы жергілікті бюджеттен 7 млрд теңгеге және NCOC-дан 1,1 млрд теңгеге Атырау мен оған іргелес елді мекендердегі 137 көшенің 86,6 км жолы асфальтталды. Жергілікті бюджеттен 268,4 млн теңгеге жалпы алаңы 24 мың шаршы метр алаңда көлік жолдарына ағымдық жөндеу жүргізілді. Қазір жалпы ұзындығы 249,8 км болатын 311 көшенің жол төсемін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жоба құны мемлекеттік сараптама жүргізілгеннен кейін анықталатын болады. Алайда, шамамен 25 млрд теңге деп белгіленіп отыр.
Ауылдық округтерде жалпы ұзындығы 10,8 км болатын 16 жол учаскесін асфальттау жоспарланды. Асфальт Ақжар поселкесінің бес көшесіне, Құрманғазы поселкесінің төрт көшесіне, Бірліктің үш көшесіне және Ақсайдың төрт көшесіне төселеді. Бұдан басқа, автожолдарды ағымдық жөндеуге 300 млн теңге, жасанды жол кедергілерін орнатуға 12,4 млн теңге бөлінеді. Әуежай трассасының бойына жарық беру жұмысы жалғасады. Бұған 159 млн теңге бөлінеді. Атырауды санитарлық тазартуға 801 млн теңге, масалармен күресуге 130 млн, арнайы қоқыс жәшіктерін алуға 50 млн, жасыл көшеттерге күтім жасауға 240 млн, оларды санитарлық кесуге 100 млн, гүлзарлар отырғызып, оларға күтім жасауға 133 млн теңге жұмсалады. 16 қала учаскесінің жалпы алаңы 10 мың шаршы метр жеріне гүлзарлар егу жоспарланған.
Қала тұрғындары ұнататын демалыс орындарын абаттандыруға көп көңіл бөлу жоспарланған. Жайық жағалауын абаттандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге 14 млн теңге, Исатай мен Махамбет алаңын қалпына келтіру жұмыстарына ЖСҚ әзірлеуге 17 млн теңге бөлінген. Балықшы-Жұмыскер көлік көпірін қалпына келтіруге жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу 5 млн теңгеге шығады. 12,5 млн теңгеге Нұрсаядағы қазандықтар үшін 10 сорғы агрегаттары сатып алынады. Биыл Атырау мен қала маңындағы зираттарға қоршаулар орнату жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа бюджет 52 млн теңге бөліп отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
13 қаңтар 2017, 12:40