Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында Ауғанстаннан Еуроодақ елдеріне Қазақстан мен Ресей арқылы «Солтүстік маршрут» деп аталатын (Мурманск облысындағы Ресей-Финляндия шекарасы арқылы) транзитпен заңсыз көші-қон каналын ұйымдастырған төрт ҚР азаматы мен бір РФ азаматына қатысты іс қаралды.
Трансұлттық қылмыстық топ 2015 жылдың қазанынан бастап 2016 жылдың наурызына дейін әрекет еткен. Атырау облыстық ҰҚКД қызметкерлері оның мүшелерін Атырауда ұстады. Іс материалдарына сүйенсек, қылмыскерлер қызметі айқын жоспарланған, әрқайсысының өз функциясы болған. Қазақстан-Ресей шекарасына дейін мигранттарды таксист жеткізген, содан кейін оларды өткізу қосынын айналып өтіп шекарадан өткізіп отырған.
Топ қызметін Ресей мен Ауғанстан азаматтары белгісіз тұлғалармен бірлесіп жүзеге асырған. Сотталушыларға ҚР ҚК-нің 264-бабы («Трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу») мен 394-бабы (« Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру») бойынша айып тағылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, топ ұйымдастырушысы қатаң режимдегі колонияда 10 жылға бас бостандығынан айыру, оның үш сыбайласы жалпы режимдегі колонияда 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Тағы бір фигурант – таксист – 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ