Атырау, 28 қараша 02:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 499.51
€ 525.83
₽ 4.62

Жолдағы адам қазасы сәл азайды

3 491 просмотра

Өткен жылы Атырауда 96 мың жол қозғалысы ережесін бұзушылық анықталды. 2745 автоәуесқой жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Әлібек ҚАЙЫРОВ хабарлады.

18 мың жүргізуші жылдамдықты арттырғаны үшін тоқтатылды, 1 683 жүргізуші рөлге мас күйде отырған. Жол-көлік ережесін бұзғаны үшін барлығы 797 млн теңге айыппұл салынды. Полицейлер 2015 жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасының (410-нан 333-ке) едәуір азайғанын, тағы бір маңыздысы, адамдардың (79-дан 70-ке) аз қаза болғанын, зақым алғандар (487-ден 426-ға) азайғанын атап өтті. Алайда 70-тің өзі де көп.

Атыраудағы жалпы шұғыл ахуалды полицейлер тұрақты деп бағалайды. Көшелердегі қылмыстар саны 1 442-ден 1 155-ке дейін азайған. Ал әкімшілік құқықбұзушылық көбейген (2015 жылы 125 мыңнан 134 мыңға дейін). Жол-патрульдік қызмет жасақтарының 11%-ға дерлік және учаскелік инспекторлардың 4,6 пайызға дейін «із суытпай» қылмыс ашуы артқан.

Біздің қызметімізде 138 патрульдік машина бар, тағы да қосымша арнайы техника сатып алынады. Жақында үш арнайы «Автоураган» жылжымалы кешенін сатып алдық. Олар мемлекеттік нөмір бойынша жол-көлік ережесін бұзғаны үшін айыппұл төлеуден жалтарған жүргізушілерді бірден анықтауға мүмкіндік береді, - дейді Ә. Қайыров. – Біздің жұмысымызға жедел басқару орталығы көп көмектеседі. Ол жерге қалада орнатылған бейнебақылау камераларынан ақпараттар құйылады. Бұдан басқа, біздің қызметкерлеріміздің барлығы бейнетіркегіштермен жабдықталған. Олар бүкіл кезекшілік бойына бейнетіркегішті қосып қоюға міндетті.

Ал атыраулық жүргізушілер облыс орталығының кейбір негізгі қиылыстарынан бейнебақылау камераларын алып тастағандығын, мұның жол ахуалын нашарлатып жібергенін атап өтті. Біріншіден, желікпе жүргізушілер осыны пайдаланып, жазасыз болған соң ереже бұзады. Екіншіден, бейнетіркегіштері жоқ адал жүргізушілерге жол-көлік апаты кезінде өздерінің дұрыстығын дәлелдеу қиынға түседі.

Кез-келген техниканың өз қызмет ету мерзімі бар. Жарамсыздығына байланысты 2006 жылы орнатылған 70 камераны алып тастауымызға тура келді. Бүгінде Атырауда 209 бейнекамера жұмыс жасап тұр, - деп комментарий берді Ә.Қайыров. – Біз қалалық әкімдікке қызметкерлеріміздің, учаскелік инспекторлардың пікірін ескеріп, жаңа аппаратуралар орнату жөнінде өтінім бердік. Олар облыс орталығын, жедел ахуалды жақсы біледі және қандай аудандар мен көшелерге ерекше назар аудару керектігін жақсы түсінеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор
12 қаңтар 2017, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.