«Ақ Жайық» баспаханасы 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде мұнда әр алуан тақырыптағы кітаптар басылып шықты. Авторлардың басым көпшілігі, әрине – Атырау облысының тұрғындары.
«Ақ Жайық» ЖШС-нің баспа ісі бөлімінің меңгерушісі Гүлбала САРИПОВАНЫҢ айтуынша, баспа өнімдерінің сапасы басқа қалалардағы белгілі баспа өнімдерінен еш кем түспейді.
- Қызмет ақысы да әбден қолжетімді. Біз тапсырыс берушіге көмектесе отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы арқылы тапсырысты ресімдеу процедурасын өз міндетімізге аламыз. Ал біздің ең басты артықшылығымыз, авторлар кітапты баспаға әзірлеу процесі кезінде келіп, біздің мамандармен бірге кітаптың беттелуі мен дизайнын талқылап, мәтінге қандай да бір өзгерістерді енгізіп, жаңа фотолар мен суреттерді қоса алады, - дейді ол. – Біз жұмсақ немесе қатты мұқабалы кітаптарды әзірлей аламыз, мұқабасы ламинадталған, толық түсті баспа өнімдерін шығарамыз.
Гүлбала Сарипова бізге соңғы жылдары басылып шыққан өнімдердің бірнеше үлгілерін көрсетті. Соларға шолу жасап көрелік.
Мәселен, Рахмет Иманғалиевтың 2013 жылы «Ақ Жайық» баспаханасынан басылып шыққан «Даланың дарабоздары» атты кітабы - өлке тарихы, танымал тұлғалар туралы. Онда Құттығай батыр, Шойтас батыр, Әжібай мен Арал батырлары туралы бөлімдері бар. Одан бөлек, тағы бір бөлімін жауынгер журналист Мұстах Шайқымовқа арнаған. Азғыр өңірінде туған жауынгер журналист Сүйіндік ауылында 1871-1920 жылдарда білім беру ошағы саналған Бекмұхамбет Айтбаев халфенің мектеп-мешітінде оқып сауат алады. Кейін Хан Ордасында Жәңгір есігін ашқан мектепте оқып, оны үздік бітіреді. 1934 жылы Алматыда үш жылдық партия-совет мектебіне оқуға жіберіледі. 1937 жылы оны Гурьев округіндегі (1938 жылы облыс болып құрылды) Есбол аудандық газетіне редакторлық қызметке жібереді. Ал 1939 жылы облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау» газеті) редакциясының үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалады. 1942 жылдың сәуір айында соғысқа аттанып, 1943 жылы қаңтар айында Сталинград қаласында қаза табады.
Ал 2015 жылы Р. Иманғалиевтің біздің баспаханада басылып шыққан тағы бір кітабы – «Жаралы жылдар, жаужүрек ұлдар» деп аталады. Мұнда әсіресе, Ганюшкин атауының шығу тарихы туралы айтылады. «Ганюшкин деген бір орыс көпесінің ататегі, - деп жазады автор. - Бұл кісі 1911-1913 жылдарда Ганюшкиндегі 2 кластық орыс-қазақ мектебінде оқыған, көпті көрген, білген адам екен. Лев Ганюшкиннің түпкі тегі қызылжарлық (Астрахан облысының Краснояр ауданы), одан кейін теңіз жағалауына келіп, балық кәсіпшілігімен айналысады, бірнеше батағалар ұстайды дегенді білетінмін».
Біздің баспаханадан 2015 жылы басылып шыққан одан кейінгі кітап «Ратушаға ту тіккен қазақ батыры» деп аталады. Құрастырушылар – Махамбет Мәденов, Рауза Мәденова, Шолпан Джанзакова, Батырбек Мәденов, Гауһар Мәденова. Бұл кітапта Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында туып өскен, Мемлекеттік комитетінің кадр бөлімінің бастығы, Ұлы Отан соғысының қаһарманы Кенжебай Мәденовтің өмірі туралы жазылған. Мұнда әсіресе, Кенжебай Мәденовтің 1008-полкі, 2-батальонның құрамындағы 5-ротаның атқыштар взводы командирі ретінде 1945 жылы Берлин қаласының Ратушасына жасалған шабуылдағы ерлігі баяндалады.
2013 жылы Есбол Өмірбаевтың «Маңғыстау бабалар мекені» атты кітабы жарық көрді. 2014 жылы «Сырбаз сөздің сардарлары» атты кітабы шықты (құрастырушылар - Қаржаубай Сұлтанғалиев, Баян Бозданова). «Сырбаз сөздің сардарлары» кітабында Жылыой өңірінің тумасы, сөз шебері Боздан Жадырбайұлы туралы естеліктер топтастырылған.
Сол жылы Қазақстан мұнайы ашылуының 115 жылдық мерейтойына шашу ретінде «Ембімұнайгаз» бірлестігінің бұрғышылары туралы энциклопедиясы шықты. Бұл кітап Қазақстандағы барлама бұрғылау ісінің және Балықшы барлама бұрғылау басқармасының қысқаша тарихы туралы.
2011 жылы Ғарифолла Досқалиевтің «Қыран ғұмырлы Мақаш бабам» атты кітабы жарық көрді. Атынан-ақ айтылып тұрғандай, кітап 1830 жылы кезіндегі Бөкей ордасының аумағына қарасты бүгінгі Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген Мұхамбетжан (Мақаш) Шолтырұлы Бекмұхамбетов туралы. Мақаш әкім, Мақаш правитель атымен танымал болған ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бөкей Ордасы округтерінде елу жылдай ел басқарған.
2012 жылы Айнахан Есеттің Сағыз саз мектебінің негізін салушы, қайраткер ұстаз, домбырашы-дирижер Аманбай Өміровтың 70 жылдығына арналған «Ақжелең» атты кітабы басылып шықты. Мұнда Өміровтың өмір жолы мен қызметтік жолы, адамгершілік келбеті туралы баяндалған. Автор Айнахан Есет Аманбай Өміровтың келіні, белгілі ақын.
2013 жылы журналист, жазушы Еркін Сарының «Бір өкініш, бір үміт» атты кітабы басылып шықты. Бұл кітабына оның әртүрлі жылдарда жазылған шығармалары, негізінен әңгімелері мен эсселері енгізілген.
2014 жылы «Ақ Жайық» газетінің редакторы Сабыр Қайырхановтың «Синхро» атты романы жарық көрді.
2015 жылы Аманғали Әміржанұлының Атыраудың танымал адамдары туралы ғұмырнамалық анықтамалығы басылып шықты. Құрастырушы алғы сөзінде бұл кітапқа елімізде 2000 жылы жарық көрген «Атырау» энциклопедиясына әр түрлі себептермен енбей қалған адамдардың ғұмырнамалары берілген, деп жазады.
Айнұр САПАРОВА