Атырау, 24 қараша 11:00
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Махамбет сусыз қалды

3 778 просмотра

Махамбет селосы Жайықтың тап іргесінде орналасқанымен ауыз суға мұқтаждық сол күйінде қалып қойған.

Біз селоны аралап шықтық. Көзге шалынған су тарататын колонканың бойында ылғал жоқ. Айналасын мұз басқан. Су мұқтаждығы селода қалып қойғанымен мұз айдынын жасаған биліктегілердің қаракеті тым күлкілі көрінді.

‑ Өткен жылы жаздан бері селода судың тапшылығы анық байқалып, айқай да шыққан болатын. Енді келіп колонка қатып қалып, есімізді шығаруда. Су берушілерге айтсақ «су жеткізетін водовозға» айтыңдар, болмаса тапсырыс беріңдер дейді. Ал анда‑санда келген водовоз суына қарапайым халық таласып жатқаны. Қақаған қаңтарда сусыз отыру қиын, құдығы барлар жолатпайды. Ал сусыз күнелту мүмкін емес қой,‑дейді Ардақ есімді келіншек.

Су тазартатын қондырғы басындағы оператор Руслан Батановтың мәлімдеуінше тұрғындарға су тәулігіне үш сағат-кешкі сағат 17.00‑20.00 аралығында беріледі. Сағаттап берген азғантай су жетпейтіні анық. Айналғанда белгілі уақытқа шектеулі судың жетпестігінен тұрғындар реніші тууда.

‑ Неге су белгілі сағатқа байланып қойылған?

‑ Мен оны білмедім, бастықтар тапсырмасына байланысты. Суды тоқтат десе тоқтатамыз. Ал колонканың неге қатып қалғанын білмеймін. Біз тек суды босатушымыз ғана,‑дейді оператор Руслан БАТАНОВ.

Жайықтың жағасында отырып ауыз суға жарымау, әрине тұрғындар ренішін туғызуда. Ал биліктегілер болса тұрғындар суға төлемақы төлемейді дейді. Болмаған, болмаса жетпейтін су үшін ешкім ақы төлемейтінін тұтынушылар алға тартуда. Негізі село халқын сумен қамтушы «Махамбет» КМК жағдайын оңалту өткен жылдан бастап қолға алынып, бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Жаңа техникалар сатылып алып берілуде, тіпті сенімгерлік басқарудағы жүзбелі көпірді жеке кәсіпкерден алып осы КМК‑ның қарамағына берген болатын. Қалай еткенде кәсіпорын ешкімге алақан жаймай, өз проблемасын өзі шешуі тиіс. КМК есепшісінің айтуынша өткен жылдарға қарағанда «Махамбет» КМК‑ның жағдайы оңалып келеді‑мыс. Бірақ ауыз сумен қамтушы кәсіпорын тарпына тұрғындардан арыз түсуде.

‑ Негізі кәсіпорыннан 800 үй су алады Селода жалғыз колонка бар, оны он алты үй тұтынып отыр. Колонка қатқалы олар водовозға сұраныс беруде. Су беру сағатын шектеп отырмыз, себебі суды тұтынушылар аз. Оларға су тасушы машина аптасына екі рет барады, онда да сұраныс беруіне қарай. Сосын олар үш‑төрт күннің суын жинап алады. Мұнарада тұрған суды қайда жіберерге білмейміз.  Оны түнге сақтау мүмкін емес, өйткені ол қатып қалады. Сол себептен біз суды аздап қана беріп отырмыз,‑дейді «Махамбет» КМК инженері Рахметолла СҰЛТАНҒҰБИЕВ.

Бір ғажабы, инженер жұрттың ренішін туғызып отырған колонка жырының қашан бітетіні турасында жарытып ештеңе айтпады.

‑Селода судың жетпестігі барысындағы әңгімеге әзір нүкте қойылмайды. Бұрынғы су құбырлары әбден ескірді. Қазір екі жерде құбыр жарылып жатыр, соны жөндеудеміз. Сол себептен өткен жылы 210 млн. теңгедей қаржы бюджеттен бөлініп, айналмалы пластик жүйедегі су құбырының құрылысы жүруде. Бұл ағымдағы жұмыс биыл бітеді деп отырмыз,‑дейді Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Сағынбай ШОТПАҚОВ.

‑ Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін селода су жыры біте ме?

‑ Асықпаңыз, себебі, орталықтағы су тазарту қондырғысына реконструкциялау жүргізілуі керек. Оған кем дегенде 130 млн. теңге қажет. Бұл қаржы келесі жылғы индикативтік жоспарға еніп тұр. Бірақ бұл қаржыны биылға сұрап отырмыз, оның қаншалықты шешілетіні белгісіз,‑дейді әкім орынбасары үміт жібін алыстатып.

Бұған қарағанда махамбеттіктер су жетпестігін әлі екі жыл басынан кешіретін  тәрізді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 қаңтар 2011, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.