Донбаста Украина үкіметі әскері мен ресейшіл сепаратистер шебі шектесетін аймақта үш украин сарбазы жоғалып кетті. Украина шығысындағы операциялар штабының хабарлауынша, әскери бөлімдердің бірінің үш сарбазы кешеден бөлімдеріне қайтып оралмаған. Олармен байланыс үзілген, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр,- деп хабарлады Азаттық.
Украин әскерилерінің мәліметінше, бір тәулікте сепаратистер өздерінің шебін 48 рет атқылап, үш сарбаз жараланған.
Өткен аптада Украинаның қорғаныс министрі Степан Полторак Донбастың сепаратистер бақылайтын аудандарында Ресейдің бес мың әскери қызметкері бар деп мәлімдеген.
ЕҚЫҰ-ның жаңа төрағасы Себастьян Курц Украина шығысында "қақтығысты тоқтату үшін" Донбастың барлық территориясын қадағалау жоспары барын айтқан.
Дереккөз: Азаттық