Атырау, 27 қараша 17:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

БАҚ: Стамбулдағы шабуылға Өзбекстан азаматы күдікті саналады

2 303 просмотра

Фото: Reuters

Түркия полициясы Стамбулда жаңа жыл кешінде түнгі клубқа жасалған шабуылға Өзбекстан азаматы Абдулғадыр Машариповты (лақап аты Абу Мұхаммед Хорасан) күдікті деп санайды. Бұл туралы түркиялық Daily Sabah басылымы хабарлады.

Тергеушілер болжамы бойынша, күдікті түнгі клубта қарудан 180 оқ атқаннан кейін клубтың ас бөлмесіне өтіп, киімін ауыстырған соң өзге жұртпен бірге клубтан жылыстап шығып, такси ұстап із жасырған. Оның клубтан шығып таксиге мінген сәті көшедегі бейнекамераға түсіп қалған.

Бұған дейін Стамбулдағы шабуылға Орталық Азиядағы постсоветтік елдерден шыққандардың қатысы болуы мүмкін деген ақпаратпен бірге "күдіктінің өзін өзі түсіргені" (селфи) делінген бейнекадр да тараған еді. Интернетте кәсіпкер Қырғызстан азаматының құжатының көшірмесі жарияланған. Бірақ ол адам шабуыл жасалған сәтте түнгі клубта болмағанын мәлімдеп, кейін оның Стамбулдағы оқиғаға қатысы жоғын Қырғызстан арнайы қызметі растаған.

Қаңтардың 1-іне қараған түні Стамбулдағы Reina түнгі клубына жиналған бірнеше жүз адамға қарулы белгісіз ер кісі жаппай оқ жаудырған. Салдарынан 39 адам қаза тауып, 69 адам жараланған. Қазаға ұшырағандар арасында оннан астам елдің азаматтары бар.

Стамбулдағы шабуылдың жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы мойнына алған.

Дереккөз: Азаттық

8 қаңтар 2017, 11:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.