Гүлдана Жекенова. Видеодан үзінді
Атырауда тағы да ана мен бала өлімі! 32 жастағы Гүлдана Жекенова қалалық перзентханада құрсақтағы шаранасымен бірге көз жұмған. Марқұмның туыстарының сөзінше, 4-ші баласын ауылда емес, Атыраудағы білікті дәрігерлердің қолында босанамын деп келген оған дер кезінде медициналық көмек көрсетілмепті. Қайғылы оқиғадан кейін кешірім сұрап келген дәрігерлерді қара жамылған отбасы енді сотқа сүйрейміз деп отыр,- деп хабарлады КТК арнасы.
Гүлдана Жекеноваға ауылдағы дәрігер «баланың жолдасы бірінші келіп тұр» деп, қалада босануға кеңес берген екен. Құжаттарын да реттеп, шығарып салыпты. Марқұмның сіңлісі Жанырыстың айтуынша, Атырау облыстық перинаталдық орталығындағылар Гүлдананы порталға тіркелмегенсің деп, бір түнетіп шығарып жіберген. Сол күні жедел жәрдеммен қалалық перзентханаға қайта түскен ол бір тәулік қиналып, босана алмай, жан тапсырады.
Жанырыс Жекенова, марқұмның сіңлісі:
-«Алмагүл» перзентханасындағы Райса Захарқызы, Жанар Дуетова мен Назгүл Мұхамбетжанова солар қарамай, апамды өздері қолымен өлтіріп отыр, мен соларды кінәлі деймін. Өз көзіммен көрдім, қинады біршама апамды.
Осы оқиғадан соң аты аталған дәрігерлер келіншектің артында қалған жұбайы мен 3 баласынан кешірім сұрап келіпті. Мына кадрларда олар өз кінәларын мойындауда.
- Сіздің бүкіл әулеттен кешірім сұраймыз. Үлгере алмай қалдым ғой...
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы мәлімет бойынша, қазір тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Келіншектің өлімі жазатайым жағдайдан болған дейді ондағылар.
Дина Камелова, Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-100 пайыз дәрігер кінәлі деп айта алмаймын. Бірақ жатыр жыртылған, қан кеткен. Алматыдан келген сарапшы аяқ асты болғанын айтады.
Енді жаңа жылдан кейін Астанадан, Алматыдан сарапшылар келеді.
-Гүлдана Жекенова көз жұмған мына перзентхана қызметкерлерінен оқиғаға қатысты қандай да бір түсінік алу мүмкін болмады. Қазір оқыс оқиғаның мән-жайын тиісті орындар тексеріп жатыр. Ал марқұмның туыстарының арызы бойынша, қалалық прокуротура бүгін сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Дереккөз: КТК