Кәріз және басқа да қалдықтарды тиісті емес жерлерге төгуге құмар жандар айыппұлға тартылады.
Мұндай тәртіп бұзушылар үшін жаза енгізуді жазда Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ ұсынған болатын. 2016 жылдың қыркүйегінде облыстық мәслихат депутаттары бекіткен қаулы қала ішінде қалдықтырды сорып алатын вакуум машиналарының жүргізушілерін жауапқа тартуға мүмкіндік берді. Олар үшін ҚР Әкімшілік кодексінің 505-ші бабы бойынша («Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу») 42 420 теңге көлемінде айыппұл, ал бұл қайталанған жағдайда – 63 630 теңге айыппұл төлеу қарастырылған.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша өткен жылдың қыркүйек айынан бері 31 жүргізушіге жалпы сомасы 1,3 миллионнан жоғары айыппұл салынды. Күннің жылынуы және қардың еруіне байланысты бұл күндері септиктерден және жеке сектордағы су басқан аулалардан қар суларын сорғызу қызметіне сұраныс артты. Соған сәйкес қалалық орталық кәріз жүйесіне заңсыз қалдықтарды төгу де көбейді. Билік көмек үшін тұрғындарға үндеу тастап, ондай заң бұзушылықтар бойынша суреттерді және бейнежазбаларды «АтырауСуАрнасының» Whats'App жедел желісіне жіберуді сұрайды. Бұдан басқа, тұрғындар мына +7 701 180 26 79 нөміріне мессенджер арқылы су құбырларының апаттары, экологиялық заңдардың бұзылу фактілері және сорылған сулардың Мостовой өзегіне жіберілгенін, қар мен қалдықтардың жиналып қалуы, сондай-ақ, ашық қалған құдықтар туралы хабарлай алады. Чат әкімшілігі барынша ақпаратты түсірілімдер мен роликтерді түсірілу уақыты мен орнын көрсетіп салып жіберуді сұрайды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА