Үстіміздегі жылдың аяғына қарай Ислам банкінен автокөлік сатып алуға несие алып қалуымыз мүмкін.
Ислам банкін ашу туралы 2009 жылы айтылған болатын. Енді міне, Қазақстандағы исламдық қаржыландырудың алғашқы бөлшек өнімі автонесиелер болады деген ақпарат пайда болды.
«Таяудағы баспасөз конференциясында Ұлттық банктің төрағасы Ислам банктерімен жұмыс істеу механизмімен және заңды мәселелермен жұмысты қолға алу керектігін айтты, - дейді ҚР Ұлттық банкінің Атырау филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ. – Қазір осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Аль Хиляль» деп аталатын бір исламдық банк банктік операцияларды жүргізуге лицензия алды. Енді екінші бір банк те лицензия алмақ. Сондай-ақ, біздің кейбір коммерциялық банктер исламдық банкингпен айналысуға құқық алып, Қаржылық реттеу жөніндегі агенттіктен тиісті лицензияларын алды. Біздің банктер үшін бұл мүлдем жаңа өнім, сондықтан оларда бұл бизнес өркендей ме, жоқ па, ол жағын әзірге айта алмаймын».
- Исламдық банктердің пайыздардан пайда түсіруге құқығы жоқ. Ал несиелеу шарттары қандай болмақ?
- Айталық, егер машина 10 000 доллар тұрса, онда олар сізге оны 11 000 долларға сатып алып береді, сіз оларға осы соманы қайтарасыз. Олар сіз үшін сатып алады, рәсімдейді, барлығын сіз үшін жасап береді. Бірақ өзінің шарттарын қояды: мәселен, бұл машинамен арақ тасуға болмайды, рөлге масаң күйде отыруға болмайды және т.б. Бұл тек сызбалардың бірі ғана. Ислам банкі сенімге құрылған, ол сіздің қызметіңізге атсалысады. Бұл несиелеудің мүлдем басқа түрі, бірақ ол біз үшін қолайлы».
Ислам банкінің ерекшелігі сол – ол Исламда тыйым салынған тауарларды (алкоголь, темекі өнімдері, шошқа еті және т.б.) өндіруді және сатуды қаржыландырмайды.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА