Ыстамбұлда түнгі клубқа шабуыл жасады деген күдікпен Қырғызстан азаматы Яхья Машрапов ұсталды. Алайда қырғызстандық азамат болған терактіге ешқандай да қатысы жоқ екенін айтып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде оның паспортының суреті пайда болған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты РИА Новости-ге сілтеме жасап.
БАҚ мәліметінше, 28 жастағы Машрапов 3 қаңтарда Түркиядан Бішкек әуежайына келген. Одан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері де жауап алған. Осылайша Машрапов 1 қаңтарда Түркияға сапарын өзінің сауда мәселесіне қатысты жұмыстарымен байланыстырып отыр. "Олар менен бір сағат бойы жауап алды. Сол үшін Бішкекке дейінгі ұшақ та бір сағатқа кешіктірілді. Олар жаңажылдық терактіге байланысты жауап алып отырғандарын түсіндірді. Сонымен қатар, олар менің суреттегі қылмыскерге кішкене ұқсайтынымды айтып, кешірім сұрап, қайта ұшаққа отырғызды", - деп келтіреді АКИpress агенттігі Қырғызстан азаматының сөзін.
Сондай-ақ, Машрапов 31 желтоқсанда Қырғызстанда болғанын және сәйкесінше оның терактіге қатысы жоқ екенін айтып өтті. Машраповтың айтуынша, ол паспортының суреті Интернетте қалай пайда болғанын да білмейді.
Еске салайық, Ыстамбұлдағы Reina клубына шабуыл Жаңа жыл түні жасалған болатын. Санта Клаус болып киінген лаңкес автоматпен полицейді атады да, 700-дей адам болған мекемеге кіріп, ата бастайды. Соңғы мәліметтер бойынша, 39 адам қаза тапты және 69 адам зардап шекті. Ал шабуылдаған адам әлі табылмаған. Ол іздестіріліп жатыр.
Дереккөз: Tengrinews.kz