«Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы Компанияның демеушілік және қайырымдылық бағдарламасының иегерлерін - балаларды Жаңа жылмен құттықтады.
23 желтоқсанда Компания қызметкерлері бас директордың жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар ЖАҚСЫБЕКОВТІҢ бастауымен Жұмағалиевтар отбасына және «Атырау. Шағын ел» жұлын және бас миы терең зақымданған балалар мен отбасын қолдау орталығына барды. Балалардың барлығына тәтті сыйлықтар берілді, ал Жұмағалиевтар отбасының ең кішкентай мүшесі – Жанельге үлкен жұмсақ ойыншық тарту етілді.
- Соңғы жылдарда Компания жергілікті халықтың әлеуметтік осал топтарына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Біз мүмкіндіктері шектеулі балалар мен шұғыл ота жасалуы қажет балаларға алдымен қолдау көрсетеміз. Жұмағалиевтар отбасына біз екі рет қол ұшын бердік - әкесінің бауырының бір бөлігін қызына ауыстырып салу отасының қаражатын төледік және нөсер жауыннан кейін жарамсыз болған үйлеріне күрделі жөндеу жүргіздік. Мұнайшылар өскелең ұрпаққа әр уақытта қолдау көрсетіп жүр және игі шараны үнемі жалғастыра береді. 2017 жылдың басынан бастап бүкіл демеушілік және қайырымдылық көмек орталықтандырылған күйде, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан көрсетілетін болады, - деп атап өтті сапар барысында А.Жақсыбеков.
Жанель Жұмағалиеваға демеушілік көрсету барысы әлеуметтік желі арқылы тек облыс тұрғындарына ғана емес, бүкіл Қазақстанға белгілі болды. Туғаннан кейін үш айдан соң қызға «бауыр циррозы» деген диагноз қойылған. Мұндайға бей-жай қарай алмайтын қала тұрғындары бауыр ауыстыру отасын жасауға қаржы жинауды ұйымдастырды. Бастамашы топ концерттер, флешмобтар өткізді, ірі сауда орталықтарында қаржы жинауға арналған жәшіктер орнатылды. Ота жасау уақыты жақындап қалды, бірақ қажет сома жиналмады. Сол кезде ембілік мұнайшылар көмекке келді. Олар ота құнының жартысын, 4,2 млн-нан астам теңгені төледі. 2014 жылы Жанель Жұмағалиеваға жасалған ота сәтті аяқталды. 2015 жылдың көктемінде Ж. Жұмағалиева ауруханадан шыққанда отбасының тозығы жеткен баспаналары қатты нөсер жауыннан жарамсыз күйде болды. Сөйтіп тағы да Компания көмекке келіп, кәсіпорын қызметкерлері отбасына бір күндік еңбекақыларын аударды. Бұл қаржыға Жұмағалиевтардың ескі үйлері күрделі жөндеуден өткізіліп, сәбиді оңалту үшін қолайлы жағдай жасалды.
Компаниядан көмек алушының бірі – «Шағын ел» қоғамдық бірлестігі. Жұлын және бас миы терең зақымдалған балаларды оңалтуға маманданған қоғам өз жұмысын 2013 жылдың тамызында бастады. Компания аталмыш қоғамның қалыптасуына 8 млн теңгеден астам мөлшерде көмек бөлді. Бұл қаржы орталық үшін ең қажетті нәрселерді: тұрмыстық техниканы, мүгедек балаларға арналған арнайы құрылғыларды, мектеп жиһаздарын, иттерге арналған керек-жарақтар сатып алуға жұмсалды. Ал ең бастысы, бұл ақша орталық мамандарына қажетті білім алу үшін оқып келуге, сонымен қатар, Атырауда семинарлар өткізуге көмектесті.
Қоғам құрылтайшысы әрі төрағасы Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВ 2015 жылы «Алтын Жүрек» қоғамдық жүлдесіне, ҚР президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ және денсаулық сақтау министрі Тамара ДҮЙСЕНОВАНЫҢ алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар, Елбасының арнайы жарлығы бойынша «Шапағат» медалімен марапатталды. Қазіргі кезде қоғамда 240 бала тіркелген. Ерлан Күмісқалиев әлеуметтік желілерде өз қамқорлығындағы балалардың жетістіктерімен үнемі бөлісіп отырады. Орталық мамандарының күшімен балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан Ерлан есімді бүлдіршін нөл сыныбын ойдағыдай аяқтап, бірінші сыныпқа көшті. Осындай диагноз қойылған Дильназ екінші сыныпқа қадам басты. Ал, Айкөркемге балалардың церебралды сал ауруы үшінші жыл қатарынан білім алуына кедергі болған емес. Айару үшін де Даун синдромы бөгет болмады, ол да үшынші сыныпқа көшті. Орталықта мұндай жетістіктер көп-ақ. Мұның бәрі осы жол бастауында «Шағын ел» қоғамдық қорына алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған отандық «Ембімұнайгаз» компаниясының арқасында орын алып отыр!