Антонио Гутерриш, БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы. Фото: AFP
БҰҰ-ның жаңа бас хатшысы Антонио Гутерриш АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамппен кездескісі келетінін мәлімдеді. Трамп бұған дейін БҰҰ-да елеулі өзгерістер жасауға шақырған,- деп хабарлады Азаттық.
2017 жылы 1 қаңтардан қызметіне кірісетін Гутерриш Трамппен "барынша тез арада" "конструктивті диалог орнатқысы келетінін" айтты.
"Әрине, барынша жақын уақытта оған барғым келіп тұр. АҚШ - БҰҰ-ның басты донорларының бірі ғана емес, сонымен қатар ұйым қызметіндегі басты элементтердің бірі" деді Гутерриш.
Дональд Трамп 28 желтоқсанда АҚШ-тың БҰҰ-ға бөлетін қаржысын ұйым қызметіне үлкен өзгерістер жасауға қол жеткізетін құрал ретінде пайдаланатынын мәлімдеген. Дегенмен Трамп нақты қандай өзгерістерді қалайтынын ашып айтпады.
Трамптың сөзіне қарағанда, БҰҰ-ның әлеуеті мен қауқары орасан зор, бірақ оны пайдаланбайды. "БҰҰ-ның бір мәселені шешкенін көрдіңіздер ма? Ол ешнәрсені шешпейді. БҰҰ проблема туындатады" деді Трамп. Оның айтуныша, БҰҰ қызметін реформаламаса, онда ол ақшаны желге ұшыратын ұйымға айналады.
Дональд Трамп 20 қаңтарда қызметіне кіріскен соң БҰҰ қызметінде өзгерістер болатынын бірнеше рет мәлімдеген.
Дереккөз: Аzattyq.org