Исатай ауданының кәсіпкерлері өз өнімдерін өткізуді жеңілдету үшін қазан айында өз алдына «Аққыстау ауыл шаруашылығы» өндірістік кооперативін құрған болатын. Әзірге оның құрамына ЖК Б. Зұлқашев, «Техсервис», «Нұрали» және «Дана» шаруа қожалығы еніп отыр. Енді жоспарда кооператив құрамын көбейту бар.
- Кооператив мүшелігіндегі шаруашылықтар әлі аз. Бұған көптеп бірігу қажет. 20 шаруашылыққа дейін бірігуге болады. Сол кезде субсидиядан бөлек, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу кезінде жеңілдіктерге қол жеткізе аламыз, - дейді өндірістік кооперативінің төрағасы Айдаулет ШАТЕКОВ (суретте). - Тауар өндірушілер өнімдерін өткізуге келгенде қиындыққа тап болып жүр. Сондықтан, оларды қолдау мақсатында кооператив құрып отырмыз. Алдағы уақытта ауданда өндірілген ет, сүт өнімдері кооператив арқылы өткізілетін болады. Жергілікті әкімдік те бізге қолдау көрсетуге әзір.
Одан бөлек, А. Шатековтың айтуынша, ауданда мал бордақылау цехының құрылысы жүріп жатыр. Нысан келесі жылы тапсырылмақ. Ал «Дана» шаруа қожалығы осы жылдың соңына дейін сүт өңдеу цехын пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА