Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовке Ташкентте ескерткіш тұрғызуға орай халықаралық шығармашылық байқау жарияланды. Бұл туралы ҚазАқпарат аталған елдің Қазақстандағы Елшілігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Байқау 2016 жылғы 2 желтоқсандағы Өзбекстан Президентінің №2667 қаулысы мен Министрлер кабинетінің тапсырмасына сәйкес өткізіледі. Осыған орай байқау өткізудің ережесі әзірленген. Оның мақсаты Тәуелсіз Өзбекстанның негізін қалаушы, көрнекті мемлекет қайраткері, өзбек халқының көшбасшысы Ислам Кәрімовтің ескерткішін жасау үшін үздік жобаны іріктеу. Ескерткіш Ташкент қаласында орнатылатын болады.
Байқау шартына сәйкес, қатысушылар Өзбекстанның Көркемөнер академиясының және ұйымдастыру комитетінің ресми сайтына келесі құжаттар мен ақпараттық материалдарды орналастыруы қажет: байқау бағдарламасы мен талаптары, Ислам Кәрімовтің өмірі мен қызметі туралы тарихи анықтамалар мен іріктелген суреттері, ескерткіш орналастырылатын орын, учаске суреті, аумағының бас жоспары.
Байқауға арналған жұмыстар қазылар алқасына 2017 жылдың 31 наурызына дейін ұсынылуы қажет. Халықаралық шығармашылық байқауының нәтижесі Өзбекстанның Көркемөнер академиясының және ұйымдастыру комитетінің ресми сайтында жария етілетін болады.
Айта кетерлігі, Ислам Кәрімовтің ескерткіші Мәскеуде, Өзбекстан консульдық бөлімшесіне тақау орналасқан гүлзарда да бой көтеруі мүмкін. Өзбекстанның бірінші президенті Кәрімов ағымдағы жылы 78 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол мұсылман дәстүрімен туған жері Самарқандта жерленді.
Дереккөз: ҚазАқпарат