АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Марк Тонер (суретте) АҚШ-тың сириялық көтерілісшілерге тасымалдауға ыңғайлы зенит-зымыран кешенін жеткізу жоспары барын жоққа шығарды. Ресей бұған дейін АҚШ-ты Сирия оппозициясына зенит-зымыран кешенін жеткізді деп айыптап, бұл қару-жарақ экстремистердің қолына түсуі мүмкін деп алаңдаған,- деп хабарлады Азаттық.
27 желтоқсанда өткен баспасөз конференциясында Тонер мұндай айып бірінші рет тағылып отырмағанын, бірақ АҚШ-тың Сирия оппозициясына ешқандай зенит-зымыран кешенін я осыған ұқсас қару-жарақ жеткізбегені айқын екенін айтты.
"Біз мұндай әңгімені бұрын да естігенбіз. Зенит-зымыран кешеніне қатысты ұстанымыз өзгерген жоқ. Біз мұндай қарудың Сирияда пайда болғанына қатты алаңдар едік" деді Тонер.
Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрлігі 23 желтоқсанда АҚШ президенті Барак Обама қол қойған қорғаныс саласының бюджеті туралы заңда қаралғандай Сириядағы үкіметке қарсы топтарға қару-жарақ, оның ішінде зенит-зымыран кешенін жеткізуге рұқсат беру Сириядағы дағдарыстың одан ары шиеленісуіне және жаңа адам шығынына әкеліп соқтырады деп мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық