18-ші рет өтіп жатқан «Жыл кәсіпкері» облыстық байқауының тарихында алғаш рет бас марапатты нәзік жандылар өкілі – «Медицина» АҚ бас директоры Зәбира ДӘУЛЕТЖАНОВА иеленді.
Барлығы үшін іріктеу критерийлері біреу – үміткер белсенді түрде кәсіпкерлік және қоғамдық қызмет атқаруы, бизнестің әлеуметтік жауапкершілік принциптерін ұстануы тиіс. Биыл Зәбира Дәулетжанова ерлерді басып озды. Дегенмен, бұған таң қалуға болмайды. Бұл әйелдің жауапкершілігінде 200-ден астам адамнан тұратын үлкен компания бар. Ал бір кездері мұның бәрі 4 қызметкері бар жалға алынған ғимараттан басталған еді. Бүгінде «Медицина» АҚ 2 дәріханалық қойма мен 42 дәріхана арқылы көтерме және бөлшек сауда қызметін, ал медицина қызметін «Медицина орталығы» арқылы жүзеге асырады. 2014 жылдан бері компания «Атырау қаласынан дәрі-дәрмектер өндіретін фармацевтикалық зауыт салу» инвестициялық жобасына қатысады. Кәсіпорын қайырымдылық шараларына атсалысып, қоғамдық мүгедектер бірлестігіне атаулы көмек көрсетеді, барлық санаттағы зейнеткерлер үшін дәрі-дәрмектерге 5 пайыз жеңілдік көмек көрсетеді. Дәулетжанова бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттің көптеген марапаттарымен, соның ішінде «Ұлттық экономика көшбасшысы», «Атамекен», «Қазақстан даңқы», «Даңқ жұлдызы. Қазақстан экономикасы» ордендерімен марапатталған. Ол 1991 жылы өз бизнесін нөлден бастап, дамытқан 25 адамның қатарында «Қазақстан бизнесінің аңыздары» кітабына енген біздің өңіріміздегі бірден-бір өкіл.
Өз ісін жаңа бастаған бизнесмендер қатысуға тырысатын ең танымал номинациялардың бірі – «Жылдың жас кәсіпкері». Олардың қызмет түрінің аясы кең – жаңадан шыққан гаджеттерге арналған аксессуарлар сататын кішкентай дүкендерден бастап, өнеркәсіп өндірісіне дейін. Өтініш берген кәсіпкердің бірі, мәселен, тұқым отырғызып, содан соң оны сатады екен. Бизнесі жаман жүріп жатқан жоқ, өйткені, басқа жақтан әкелінген көшеттерді емес, жергілікті климатқа бейімделген көшеттерді отырғызған жақсы екенін бәрі біледі. Бұдан басқа, ұйымдастырушылар алғыр жастар арасында басқа жақтан келгендер, мәселен, Оралдан келген жастардың көп екенін атап өтті. Олар бізде әзірге игерілмеген нарықты қуана игеруде. Жергілікті жастардың осындай болмағаны өкінішті-ақ. Ал «Studbolt Manufacturing» ЖШС басшысы Сәкен МҰРАТОВ номинация жеңімпазы атанды. Бір жыл бұрын тіркеліп, бұрандамалы қосылыстар өндірумен және бекітпе материалдарды тасымалдаумен айналысатын кәсіпорын. Осы уақыт ішінде кеңсе үшін ғимарат, дайын өнімдер қоймасы, өндірістік цех салынды, заманауи бұрандыбүрлеу станогы (резьбонакатный станок) орнатылды. Мұнай-газ, қала құрылысы, энергетикалық салаларға арналған өнімдер болаттың алуан: көміртекті, тот баспайтын, қоспалы және суперқоспалы түрлерінен жасалады. Анкерлік бұрандамалар мен сомындарды (гайки) өндіру жоспарланған. Өндірістің шағын екендігіне қарамастан (онда бар болғаны 8 адам жұмыс істейді), ЖШС халықаралық ASME стандартына ие.
«Үздік ауыл шаруашылығы өнімі» номинациясында Шыңғыс НАҚПАЕВ басшылық ететін «Алмалы құс» ЖШС жеңімпаз деп танылды. Атыраулықтарға оның өнімдері жақсы таныс. «Алмалы құстың» асханалық жұмыртқасы қала мен облыстың түрлі дүкендерінде бар. ЖШС құс шаруашылығына, соның ішінде, жем-шөп өндіруге арналған жаңа германиялық жабдықтармен жарақталған. Құс фабрикасының жобалық қуаттылығы – жылына 30 млн жұмыртқа. Мекиен-тауықтар Ресейден әкелінген.
«“Мастер Дом" сауда үйі» маркасы бар «Стройинвест- К» ЖШС (директоры Владимир КАЛЕНТЬЕВ) «Сауда саласының үздігі» атанды. «Мастер дом» 2001 жылдан бері жұмыс жасайды, бұл құрылыс материалдарын сататын ірі сауда жүйелерінің бірі. Атырауда үш дүкен жұмыс жасайды, бір филиал Ақтау қаласында ашылған.
«NGN SERVICE» ЖШС («Люкс Пойнт» дүкені) «Қызмет ету саласының үздігі» болды. Қызмет түрі – компьютерлік, кеңселік және оргтехникалық көтерме сауда, бағдарламалық қамту қызметтері, жөндеу және сервис. 2006 жылы бастаған, содан бері қызметкерлер саны 2-ден 38-ге дейін көбейген. ЖШС HP, DELL, EPSON өнімдерінің дистрибьютері болып табылады. Оларға Серік АҚТӨРЕШЕВ басшылық етеді.
«Атырауда жасалған» номинациясында «Дәулет нан» брендімен 52 атауда нан-бөлке өнімдерін пісіретін «Карат» ЖШС (директоры Сүлеймен АҚДРАШЕВ) жеңімпаз деп танылды. Кәсіпорында танымал еуропалық маркадағы заманауи нан пісіретін жабдықтар, автоматтанған «Рондо» желісі (Швейцария) қолданылады. 126 жұмыс орны құрылған. Тәулігіне ЖШС бүкіл Атырау бойынша фирмалық дүкендер желісі бойынша сатылатын 12 тоннадан астам нан-бөлке өнімдерін шығарады. Бұл жерде ет өнімдері («Карат» қалбырлары) және «Мөлдір су» ауыз суы өндіріледі.
Ал «ПЦН Күзет» ЖШС бас директоры Гүлмира ЖҰМАҒАЛИЕВА «Кәсіпкер әйел – 2016» атанды. Гүлмираның бизнесін нәзік жандыларға қолайлы деуге келмейді: компания күзет қызметімен, күзет-дабыл, өрт сигнализациясы және бейнебақылау жүйелерін монтаждаумен, реттеумен және техникалық қызмет көрсетумен айналысады. Бұл жерде 357 адам қызмет етеді, Құлсары мен Ақтау қалаларында филиалдары бар, жылдық айналымы – 348 млн теңге.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН