Атырау, 27 қараша 17:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Ресей халқы аза тұтуда

2 450 просмотра

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні, 26 желтоқсан Ресейде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Ел президенті Владимир Путин Қара Теңіз үстінде болған әуе апатына байланысты, осындай шешім қабылдады.

Одан бөлек, ресейлік көшбасшы ел аумағындағы мемлекеттік туларды түсіру; мәдениет мекемелері мен телерадиокомпанияларға ойын-сауық шаралары мен бағдарламалардан бас тарту және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша қажетті шараларды жасау туралы қаулы етті.

Жексенбі күні 25 желтоқсанда Сирияға бет алған Ту-154 әскери ұшағы Қара теңізге құлады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ұшақ бортында 92 адам болған - сегіз экипаж мүшесі және 84 жолаушы. Жолаушылар арасында сегіз әскери, Валерий Халилов жетекшілік еткен Александров атындағы ансамльдің 64 әртісі, үш телеарна өкілі, әскерилер, «Доктор Лиза» деген атаумен танымал «Әділетті көмек» қайырымдылық қорының басшысы Елизавета Глинка және РФ қорғаныс министрлігінің мәдениет департаментінің басшысы Антон Губанков болған. РФ Қорғаныс министрлігіне қарайтын ұшақ сириялық Латакияға рейс жасаған. Әртістер Сириядағы жауынгерлерді Жаңа жылмен құттықтауға бара жатқан. Ұшақ Мәскеу уақытымен сағат 5:20-да Сочиден ұшып, 20 минуттан кейін радардан жоғалған және Қара Теңізге құлаған.

Владимир Путин қайғылы оқиғаны мұқият тергеуге және қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетуге уәде берді. Үкіметтік комиссияға көлік министрі Максим Соколов жетекшілік етуде.

РФ көлік министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, апатта мерт болғандардың мәйітін тану жұмыстары Мәскеу қаласында жүреді. Мекеме басшысы іздестіру-құтқару операциясының мерзімі анықталмағандықтан, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына Сочиға келудің қажеті жоқ екенін хабарлады. Әзірге мамандар Қара Теңіздегі Ту-154 ұшағы құлаған орынды шамамен болжап отыр. Лайнердің құлауы мүмкін деп болжанған орындағы су түбін зерттеу үшін гидролокаторлармен жабдықталған кемелер түсірілді. РФ Оңтүстік әскери округының бөлімшелері мен жергілікті төтенше қызмет бірлесіп, қайғылы оқиғаға байланысты заттарды алу үшін жағалауды тексеріп жатыр. Іздеу аймағындағы сүңгуірлер тобы 109 адамға дейін ұлғайды. Мамандар радиолокациялық құралдардан мәліметтер алып, Ту-154 ұшағының ұшу траекториясын анықтады. «Бұл ұшақ құлаған ауданды нақты анықтауға мүмкіндік берді. Болжанған аудандағы іздестіру-құтқару операциясы теңіздің тереңдігімен және теңіз түбінің бедерімен қиындай түсті», - деп хабарлады РФ Қорғаныс министрлігі.

«Әуе апаты ауданындағы іздестіру-құтқару күштерінің тобы ұлғаюда. Іздестіру-құтқару жұмыстары үш ауысыммен жүріп жатыр. Құтқарушылар саны 3500 адамға дейін жетті», - делінген хабарламада. Сонымен бірге, арнайы операция жүріп жатқан ауданға 16 сүңгуір мен «Тайгер» телебасқару аппараты бар Қара теңіз флотының «Эпрон» құтқару кемесі келе жатыр. Жақын арада апат орнына Ил-76 ұшақтарымен Ресей географиялық қоғамының екі терең суасты аппараты жеткізіледі.

Дереккөз: ҚазАқпарат

26 желтоқсан 2016, 12:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.