Бұл туралы бүгін, 23 желтоқсанда Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВ орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен брифинг кезінде хабарлады.
Қала басшысының айтуынша, 2016 жылы қала мен оған іргелес жатқан ауылдық округтерде барлығы 95 км жол асфальтталған.
- 2017 жылы біз осы көрсеткішті көбейтетін боламыз, өйткені, лайықты инфрақұрылымның болуы қала дамытуда негізгі факторлардың бірі болып табылады, - деді Серік Шапкенов. – Келесі жылы Атырау қаласы маңындағы 30 елді мекенде 311 көшені асфальттауды жоспарлап отырмыз. Құрылыстың жалпы ұзындығы 249,8 км құрайды.
Бұдан басқа, Шапкеновтің айтуынша, Атырау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша, 2016 жылы жергілікті бюджеттен мектептерді компьютерлермен және мектеп жиһазымен жарақтау үшін қаржы бөлінген.
- Бұл мақсатқа 662 млн теңге бөлінді, бұрын мектеп мүлкін жаңартуға бөлінетін сома анағұрлым аз еді, - деп атап өтті әкім. – Қазіргі кезде қала мектептері тақталармен, парталармен, компьютерлермен және химиялық зертханалармен қамтамасыз етіледі. Қаланың 8 мектебінде мектеп асханалары үшін жалғамалар салынуда.
Сонымен қатар, Серік Шапкеновтің айтуынша, 2017 жылы Нұрсая ықшамауданында 624 орындық екі мектептің, Ақжайық ауылдық округінде 120 орындық мектептің, Еркінқала мен Бірлік ауылдық округтерінде 280 орындық балабақшаның құрылысын аяқтау, сонымен қатар, NCOC қаржысына Ракуша ауылдық округінде 300 орындық жаңа мектеп құрылысын бастау жоспарланған.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН