Атырау облысы Жылыой ауданының шағын бизнес субъектілері газ үшін алдын ала 100 пайыз төлемақы төлеу қажеттілігінен босатылды.
Тиісті меморандумды Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы мен аудандағы көгілдір отын жеткізумен айналысатын «Жылыойгаз» ЖШС жасады. Құжат шарттарына сәйкес, қолданыстағы келісімшарттарға алдын ала 100 пайыз төлем төлеу шартын алып тастау бойынша өзгерістер енгізіледі.
- Ұзақ уақыт бойына газ үшін алдын ала 100 пайыз төлем төлеу қажеттілігі туралы шарт ауыл бизнесінің көкейтесті мәселелерінің бірі болған еді. Газбен қамтушы ұйымдардың осы талабының заңдылығын айқындау жөніндегі кәсіпкерлердің әлденеше рет жолдаған хаттары бұған дәлел бола алады. Өйткені, ол қосымша қаржылық күш түсіріп, шағын бизнестің дамуына теріс әсер ететін еді. Ақыры бұл мәселе шешімін тапты, - деп атап өтті өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВ.
Оның айтуынша, бүгінгі күні Жылыой ауданында 7300-ден астам кәсіпкер бар, оның 5500-і шағын бизнес субъектісі болып табылады. Олардың әрқайсысы үшін газге алдын ала төлемақы төлеу мөлшері орташа алғанда айына 10 мың теңгені құрайды. Яғни, Жылыой ауданының шағын бизнес субъектілері жалпы айына 55 млн теңгедей үнемдей алады.
- Бұл палатаның бастамасы болатын, біз компания құрылтайшыларына жүгіндік. Олар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін түсініп, бізге қолдау көрсетті. Кәсіпорын үшін бұл оңай шешім болмады, өйткені, олардың өздері жеткізуші - «Теңізшевройл» компаниясынан газды сатып алғанда, алдын ала төлемақы төлеуге мәжбүр болады, - дейді А.Жәкиев.
Палата өкілдері күні бүгінге дейін алдын ала 100 пайыз төлемді жою бойынша «АтырауЭнергоСату» ЖШС-мен осындай келісімге қол жеткізілгенін еске салды. Нәтижесінде Атыраудағы шағын бизнес субъектілері электр энергиясы үшін алдын ала төлем төлеуден босатылды.
Осындай жұмыстар басқа да қызмет көрсетуші компаниялармен жүргізілетін болады. «АтырауГазИнвест» пен «ҚазТрансГазАймақ» компанияларында алдын ала 100 пайыз төлем төлеу қажеттілігі туралы шартты қолдану жалғасуда.
Зульфия ИСКАЛИЕВА