Атырау, 23 қараша 00:58
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Екі өмір, екі өлім

4 166 просмотра

Image 0

4 жастағы Гүлсезім балабақшадан келген сайын әрдайым «Менің анам қашан келеді?» - деп сұрай береді. «Мен оны қатты сағындым...» дейді де, артынша өз сағынышын ұмытып, ойыншықтарымен ойнап кете барады. Гүлсезімнің әкесі Асқар қызына анасының енді ешқашан келмейтінін айтарға сөз табар емес...

... Асқар Дунешовтің отбасы оның кіші інісінің үйлену тойына дайындалып жатты. Тойдың қарбаласы басталып та кетті. Отбасылық кеңесте келінге құда түсушілермен бірге Асқардың келіншегі Кәмшат ЕСМҰРАТОВА да баратын болады, бірақ, сол кезде оның бұл маңызды миссияны орындай алмайтынын ешкім де білмеген еді.

- Кәмшат, өте ұстамды, сабырлы болатын. Өмірге құштар, үнемі көңілді, күліп жүретін. Бәріміз оны жақсы көретінбіз. Жеңгемді екінші балаға аяғы ауыр дегенде біз қатты қуандық, деп еске алады Ақжан ДУНЕШОВА. – Жеңгеміз Теңіз кен орнындағы компаниялардың бірінде асханада аспазшы болып жұмыс істеді, ағам да сол жерде жұмыс жасайтын. Мен жеңгемді декреттік демалысқа қалғаннан кейін жиі кездестіріп тұратынмын. Ол бір жерім ауырады деп ешқашан шағымданған емес, жүктілік кезінде де дәрігердің бақылауында болды. Оны шілде айында бір көргенімде аяқ тамырлары ісіп кеткенін көріп, шошып кеткем.

Қайынсіңлісіне Кәмшат соңғы кезде жиі сырқаттанатынын айтып, шағымданыпты. Түнде жүрегі қысылып, ауа жетпей, тұншығатын болған. Учаскелік дәрігер оны УЗИ мен анализ тапсыруға жіберген, талдама қорытындысы бүйректе өзгеріс бар екендігін анықтаған.

- Дәрігерлер анализде белок көп дей отырып, бұл аяғы ауыр әйелдерде жиі кездесетінін айтқасын жеңгем мән бермеген. Тек бүйрекке арналған шай мен канефрон таблеткасын ішуге кеңес беріпті. Жеңгемнің аяғының ісініп, тамырларының білеулене шығып кеткеніне дәрігерлер немқұрайлы қараған. Жеңгем 12-ші тамызда іші ауырғасын ауруханаға аяқтай өзі барған, алайда, кезекші дәрігер «айтолғақсың» деп, кері қайтарып жіберген. Келесі күні ол маған телефон соғып, қатты сырқаттанып тұрғанын айтты. Сол күні жедел жәрдем шақырып, Кәмшатты ауруханаға алып бардық. Оның жағдайы күрделі болғасын облыстан мамандар шақыртылды, - дейді А.Дунешова.

14 тамыз күні Кәмшат Есмұратованы Атыраудағы облыстық ауруханаға жеткізді. Бала өлі туылды. Ал 16 тамыз күні шарананың денесін Құлсарыға алып кетіп бара жатқанда Кәмшаттың да қайтыс болғандығы жөнінде хабар жетті. Екі бірдей жаннан айрылған Дунешовтер әлі күнге дейін ес жия алар емес.

- Дәрігерлердің салғыртты-ғынан ең сүйікті келінімнен айрылып қалдым, - дейді Маржан БАТЫРБАЕВА (суретте). – Егер жергілікті дәрігерлер көмектесе алмайтындарын айтқанда, біз басқа дәрігерлерге көрсетер едік қой. Бірақ, олар бізге ол мүмкіндікті де бермеді. Астаналық дәрігерлер ерте қаралған жағдайда оны құтқарып қалудың мүмкіндігі бар деп отыр. Мен мұны жылыойлық дәрігерлердің кінәсінен деп есептеймін, олар өз жұмыстарына салғырттықпен қарады. Және олардан ең болмаса қайғымызға ортақтасып, бір адам кіріп шықпады. Кінәлілер жазалануы тиіс, - дейді М.Батырбаева.

Науқастың қайтыс болуы анықтамасында өлім себебі «кіші жамбас қуысы мен аяқтағы көктамырдың варикозды кеңеюі» деп жазылыпты.

- Патронаждың үйіне барып, жағдайды білмегені үшін кінәлілер жазаланып отыр, - дейді Жылыой ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Қуаныш УТЕГЕНОВ.

- ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағына сәйкес, аудандық орталық ауруханасы жедел жәрдем бөлімінің кезекші фельдшері, теміржол маңы бөлімінің жалпы тәжірибелі дәрігері, аудандық аурухананың жалпы тәжірибелі және аймақтық қызмет бөлімінің акушер-гинекологы, жалпы тәжірибелі және аймақтық қызмет бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің амбулатория-емхана жөніндегі орынбасарына өздерінің тікелей қызметін орындау кезінде жіберген кемшілігі үшін, ішкі тәртіпті сақтау мақсатында ескертулер берілді.

Есмұратованың өлімінен кейін туыстары үш ай бұрын аудандық прокуратураға арыз түсірген. Дунешовтер істің ұзаққа созылуынан еш шара алынбай қала ма, деп қорқады. Тергеушілер дәрігерлерге жаза қолданылуда деп айтқанымен, шағымданушы жақ жоғарыдағы «сөгістерге» еш қанағаттанбайтынын ашып айтты. Үш айдан бері нақты шешім алынбағасын, ҚР Бас прокуратурасына шағым түсірген. Ал Бас прокуратура мән-жайды анықтау үшін Жылыой аудандық прокуратурасына жолдаған.

- 2016 жылдың 8 қыркүйегінде М. Батырбаевадан арыз түскен еді. Тергеу шеңберінде кінәлі дәрігерлерді анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындау, медициналық мекеме жұмысшыларынан жауап алу жөнінде нұсқау берілді. Сонымен қатар, қылмыстық істі тергеу кезінде сөзбұйдалыққа жол бергені үшін Жылыой АІІБ-нің тергеушісі Н. Жетенов пен оның қызметіне тікелей ведомстволық бақылауды жүзеге асыратын тергеу бөлімі бастығы М. Дарибаевқа тәртіптік өндіріс қозғалды, - дейді Жылыой ауданы прокурорының орынбасары Саламат ЕСМҰХАНОВ.

... Ал, кішкентай Гүлсезім өз анасын тек түсінде ғана көріп, есік қағылған сайын анам келді деп қуана жүгіреді...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.