Көрнекі сурет.
2017 жылдың қарашасында Қызылқоға ауданы, Миялы селосындағы Е. Нұршаев ықшам ауданын инфрақұрылымдық коммуникациямен жарақтау жұмыстары аяқталуы тиіс. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 393 млн теңге бөлініп, оның 200 млн теңгесі биыл игерілді.
Миялы селосының аумағынан жер телімдерін алу үшін 800 адам, Сағыз ауылында 600 адам, Мұқыр ауылында 300-ге жуық адам өтініш берген. Олардың сұранысын қанағаттандыру инфрақұрылым тартылған аумақта бос жерлердің болмауынан мүмкін болмай отыр.
- Біз қараша айында «Нұрлы жол» бағдарламасымен Миялы округіндегі Е. Нұршаев ықшам ауданында газ, электр жүйелерін жүргізу жұмыстарын бастадық. Ал келесі жылы жол салуды көздеп отырмыз. Жұмысты атқарушы мердігер «Арыс-2020» ЖШС-і. Құрылыс 2017 жылдың қарашасында бітуі тиіс, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ.
Биылғы жылы Миялы, Мұқыр, Сағыз ауылдарынан тұрғын үй жоспарлау алаңына инженерлік-инфрақұрылым жүргізудің жобалау-сметалық құжаттамасын дайындау үшін облыстық бюджеттен 1 млн теңге бөлінді. Ал келер жылы тағы да 12 млн теңге бөлінеді деп күтілуде. Жобалау жұмыстары 2017 жылдың маусымында бітпек. Б. Әжіғалиевтің мәлімдеуінше, осы жұмыстардың бітуіне орай таяу жылдары Миялыда 184, Мұқыр 142, Сағыз ауылынан 160 жер телімі инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА