Атырау, 26 қараша 11:04
 ашықВ Атырау +4
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​Әупілдек жайын, ақ киімді әйел және Атыраудың басқа да аңыздары

14 337 просмотра

Image 3

Жаратушы Адам ата мен Хауа ананы жаратпас бұрын, жер бетіне түрлі жындар мен дүлей күштерді жіберіпті. Алғашқы адамдарды жер бетіне жіберер алдында Құдай өз періштелеріне олардан тазартуға тапсырма беріпті. Сол кезде көптеген жындар жоқ болады, ал кейбірі қашып, қалың ормандарға, қараңғы үңгірлерге, өзен-көлдердің түбіне жасырынады. Ел аузындағы аңыз бойынша, олар бүгінгі күні де оңаша жерлерге жасырынады екен. Қазақ халқында тылсым күштерге байланысты аңыздар мен наным-сенімдер жеткілікті. Мен өзім мұндайға күмәнмен қараймын, бар болғаны осы жерде, Атыраудан естігендерімді баяндаймын...

ЕРТІС ҚОЖАЙЫНЫ

Бұл хикаяны маған әріптесім айтты, ал оған – Шығыс Қазақстан облысының Азовое ауылында туып-өскен әжесі айтыпты. Оның бала кезінде Ертіс бүгінге қарағанда, анағұрлым енді әрі терең болған екен. Он жастағы тұлымшағы желбіреген кішкентай қыз жағалауда жүгіріп жүріп, осы жерлерде қалың өсетін бетегенің жерге қарай иіле бастағанын көреді – беймәлім біреу өзенге қарай байқатпай өтіп бара жатқандай болады.

Балалық әуесқойлықпен кім ұрланып бара жатыр екен, деп көру үшін қасына жүгіріп барады. Су жиегіне жақындаған кезде ол жануар да емес, балық та емес, үлкен өзгеше мақұлықты көреді. Мақұлық та, шамасы, кездейсоқ кездесуді күтпеген болса керек. Бірнеше секунд қыздан көз алмай қарап қалады. Желкесі мен мойны күжірейіп, жалға ұқсайтын ұзын қабыршақ көтеріле бастайды. Түрі әлдебір ертегінің айдаһарларына ұқсайды екен. Қызға көз жіберіп қарайды да, суға сүңгіп кетеді. Ал қыз үрейленіп, зыта жөнеледі. Үйіне жүгіріп жетіп, үлкендерге болған оқиғаны айтқан кезде, Ертіс қожайыны туралы әңгімені естиді. Жергілікті тұрғындардың өзен қорғаушысы туралы, онымен кездесудің қауіпті екені туралы өз аңызы болатын. Жергілікті тұрғындар өзенде түнде шомылу өте қауіпті екенін, өйткені, Ертіс қожайыны өзен түбіне тартып алып кетуі мүмкін екеніне сенеді...

ЖЕЗТЫРНАҚТЫҢ ТЫРНАҒЫ

Атыраудың кең даласында қоныстанған қазақтарда қанды шайқастарда шыныққан даңқты батырлар туралы біздің кезімізге дейін жеткен аңыздар көп. Олар тек адамзатпен ғана шайқасып қоймаған. Осындай батырлардың бірі – Пыштанай батыр. Кейбір өлкетанушылардың мәліметінше, Пыштанай Ер Қосайұлы 1693 жылы дүниеге келіп, 100 жыл өмір сүрген. Ол Аңырақай шайқасында Әбілқайыр ханның мыңбасы мен ту ұстаушы болған. Ол ұлы жауынгер болыпты.

Image 1

Аңыздардың біріне сүйенсек, Пыштанай батыр жезтырнақпен – ұзын жез тырнағы бар мақұлықпен кездескен. Аңырақай шайқасынан жеңімпаз болып оралған біздің батырымыз туған өлкесіне жалғыз оралады. Бір күні ымырт үйіріле бастағанда ол орман шетіне тоқтап, от жағып, осы жерден аулаған аң етімен жүрек жалғап, түнеп алуды ұйғарады. Пыштанай етті отқа қуырып жатқан кезде, қалың орман арасынан қара қойдың терісінен тон киген алып адам шыға келіп, үнсіз ғана батырдың қарсы алдына отыра қалады. Батыр оған қуырылған ет кесегін ұсынады, бірақ, шақырылмаған қонақ басын шайқап, содан соң орнынан тұрып, келген жағына үнсіз кетіп қалады.

Пыштанай оның адам емес, жезтырнақ екенін түсінеді. Сондықтан мақұлық ұзын, өткір жез тырнақтарын көрсетпеу үшін берген астан бас тартқан екен.

Пыштанай батыр осы күшпен тағы да кездесетінін сезініп, оған дұрыстап дайындалған жөн деп ұйғарады. Шөптен тұлып жасап, оған өзінің сыртқы киімі мен бас киімін кигізеді. Өзі жақын маңдағы жуан ағаштың артына тығылады. Жезтырнақ түн ортасында келіп, тұлыпқа жақындап, оған өзінің өткір тырнақтарын түйрейді. Сол кезде Пыштанай көздеп тұрып, өзінің «Ақбикеш» қаруымен зұлым мақұлықты атып жібереді. Содан соң оның екі қолын бөліп тастайды. Жезтырнақтың жез тырнақтарын олжа ретінде батыр өзіне қалдырады. Айтпақшы, осы тырнақтар мен «Ақбикеш» қаруының тұғыры Пыштанай ұрпақтарында сақтаулы. Кейбір мәліметтер бойынша, тырнақты ғалымдар зерттеп, ақыры оның қандай да болмасын фаунаның белгілі бір түріне тиесілі екенін анықтай алмаған.

БАЛЫҚ ҚҰЙРЫҚТЫ АРУЛАР

Атырауда су айдынындағы жұмбақ мақұлықтар туралы да аңыз бар.

Мәселен, су перісi – жартылай бикеш, жартылай балық мақұлық. Су перісінің сұлулығына тәнті болған адам сиқырланып қалғандай оның соңынан еріп, су түбіне ізсіз ғайып болады екен. Ал егер тірі қалатын болса, ақыл-есін жоғалтады.

Image 0

Су перісімен кездесуі туралы хикаяны маған аңшылар мен балық аулаушы әуесқойлардың жергілікті интернет-қоғамдастығына қатысушылардың бірі әңгімелеп берді. Әңгіме айтушы өз аты-жөнін айтпауды қалады.

«Бұл 20 жыл бұрын болған еді. Ол кез өмірімнің қиын кезеңі болатын, мен оңаша қалуды ұйғардым. Қармағымды, шатырымды жинап, қала сыртына балық аулауға шықтым. Өзіммен бірге адал досым - Бой деген лақап аты бар овчарканы ала кеттім. Күн батқан кезде жағалауға жақын жерден шатыр құрып, қас қарайған соң ұйықтауға кірістім. Бір кезде ғажайып, сиқырлы әйел дауысы ұйқымды бұзды. Дауыс Жайық жақтан естіледі, мені шақырып жатты. Айналама қарап, ай жарығынан сұлулығына тіл жетпейтін ару қызды көрдім. Сезім кернеп, қызға қарай жүріп, артынан ере бердім, ал басымда бірде-бір ой жоқ еді. Бір кезде оң жақ қолым дыз етіп ауырып кетті. Бірақ, мен бұған тіпті мән де бермедім. Жаныма батқан ауырсыну қайталаған кезде, селк ете түсіп, алқымыма дейін суға батып тұрғанымды көрдім. Қолыма Бой жармасып тістеп, мені жағалауға сүйреп шығаруға әрекеттеніп жүр екен. Сол сәтте ғажайып қыз су астына сіңіп, ғайып болды да, бірер секундтан кейін менің қақ алдымнан су бетіне көтеріліп, содан соң су айдынында үлкен балық құйрығы гүмп ете түсті. Боймен бірге құрлыққа қарай асықтық. Жүрегім шығып кетердей тарсылдап барады. Бой жүнін тікірейтіп, өзен жаққа қарай сес көрсетіп, ырылдап қояды. Содан соң шатырды, қармағымды жинап алып, үйге қайттым. Мүмкін мас болған шығарсыз демес үшін, ішімдік ішпегенімді айтқым келеді.

Бұл хикаяны ешкімге айтпауға тырысамын, неге екенін өзіңіз де түсінесіз ғой».

Көпшілігі балық кәсіпшілігімен айналысатын Дамбы тұрғындары да су перісі туралы айтады. Кейбір жергілікті тұрғындар түнгі уақытта балық аулауға қайықпен шыққан кезде суға тас лақтыру әдеті қалыптасқан. Олар осылайша су перілерін үркітеді екен. Дамбылықтар бірнеше жыл бұрын орын алды деген хикаяны әңгімелеп берді. Үш браконьер түн болғанда ау тартып шығаруға барады. Ырымға жастар сенбей, әзілмен қарап, өздерімен бірге тас алып шықпайды. Олар өз-өздеріне келмеген күйде жағалауға оралып, жарытып ештеңе айта алмайды. Туыстары ұзақ уақыт бойына халық емшілеріне апарады. Ал ауыл тұрғындары сол түні жігіттердің су перілерімен кездескендігіне сенімді.

БАЛАЛАР КІМДІ ҰСТАДЫ?

Жергілікті тұрғындар арасында су айдынында әупілдек жайын кейпіндегі оларды қорғаушы да мекендейді деген аңыз бар. Мұндай жайындардың ерекшелігі –көлемі үлкен, арқасында балдырлар мен қамыстар өседі екен. Мұндай балықты өлтіру балықшылар арасында қылмыс болып саналады.

Image 2

Талғайраң ауылының тұрғындарынан Жайық жақтан түнгі уақытта қатты су шолпылы мен терең дем алған дыбыстар естілетіні туралы әңгімелерді жиі естідім. Кейбір талғайраңдықтар мұның суда сүңгіп жүрген әупілдек жайын екендігіне сенеді.

Атыраудың бір тұрғыны мынадай хикаяны баяндады: «Жасым 10-ға толған кезде, ата-анам Алмалы ауылындағы балалар лагеріне демалуға жіберді. Үлкен балалар үнемі балық аулауға баратын. Ал бір күні олардың бірі бізге, кішкентай балаларға жүгіріп келіп, әупілдек жайынды ұстап алғандарын айтты. Ол жайынның өзі жағалауға жүзіп шыққанын, сол кезде металл қоршаудың үшкір найзасын алып, арқасына түйреп тастағанын, жайынның ауырсынып қатты ыңырсығанын айтты.

Әрине, біздің бәріміз жағалауға жүгірдік, сол кезде адам бойынан үлкен болатын алып жайынның денесін көрдік. Арқасынан тығыз шоғыр болып жиналған қамысты өз көзіммен көрдім. Кешкісін бүкіл лагерь болып осы жайынның котлетін жедік».

ДАЛАДАҒЫ ТҮНГІ КЕЗДЕСУ

Бірнеше жыл бұрын youtube.com-да «Шайтан на трассе Атырау» деп аталатын бейнеролик пайда болды. Авторы кім, қай жерде түсірілгенін анықтай алмадық. Дала жолында қара шашын жайған ақ киімді әйел бейнесінің көлік шамының жарығымен өкшелеп келе жатқаны айқын көрінеді. Мұның бәрі сапасы нашар монтажға ұқсайды.

Дегенмен де, қала тұрғындарының бірі түнгі далада ақ киімді әйелмен кездескен хикаяны әңгімеледі.

«Әкем бұрын кеденді айналып, далалықпен Астраханға жиі баратын. Бір күні ол түнде сортаңды жермен келе жатқанда, кенеттен шам жарығында ақ кебін киген, ұзын, бойы екі метрдей болатын әйел пайда болады. Әкем дереу тежегішті басып қалып, мотор өшіп қалады. Ал әйел ғайып болады. «Нива» от алғысы келмейді. Ал бұл күздің соңғы айы болатын, күн суық, оның үстіне, далалық жер. Әкем жан-жағына қарап, алыстан жылтыраған отты көріп, сол жаққа қарай бет алады. Бұл шопанның үйі екен. Ол қожайынға машина моторының өшіп қалғанын айтады. Ал қожайын: «Қонып қал, машинаң таңертең жүреді. Қазір пайдасы жоқ. Ақ киімді әйелді көріп тұрған бірінші адам сен емессің» дейді. Таңертең көлігіне барса, шынымен де, көлігі ештеңе болмағандай, от алады. Осыдан кейін ол осы жерлермен бірнеше рет өтеді, бірақ, бұдан кейін мұндай жағдай қайталанбайды».

Тамара СУХОМЛИНОВА

22 желтоқсан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.